Астанада «Mereke street» фестивалі ұйымдастырылды
Астананың орталық саябағында «Mereke street» фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Онда 3 күн бойы ересектер мен балаларға мерекелік көңіл күй сыйлайтын түрлі көрмелер мен спорттық жиындар өткізіледі. Күміс көмей әншілер өнер көрсетеді.
Мерекелік кештер мен қызықты байқаулар, аниматорлардың қойылымдары. Бұл – орталық саябақтағы ерекше көрініс. Елорданың туған күніне ұйымдастырылған фестивальдің аясы кең. Мұнда келген әрбір қала тұрғыны, ашық аспан астындағы кинотеатрда фильм көріп, роботтар шоуын тамашалай алады. Сондай-ақ ұлттық аспапта күй шертіп, сурет салу үйірмелеріне де қатыса алады.
Альмира Оразбай, тілші:
- Тарихқа көз жүгіртсек, бұрын ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Содан болар, қазақтың талай қаймағының басынан тақия түспеді. Бүгінгі фестивальде әжелер қолөнерден шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Олар тақия тігуді, оны ою-өрнектермен әрлеуді үйретіп жатыр.
Бақтыгүл Жолдыбаева, қала тұрғыны:
- Тақияны бәрі біледі, бірақ қалай тігілу жолдарын білмейді. Соны біз үйретеміз, көрсетеміз, айтамыз. Осы саябаққа көбіне жастар келіп жатыр екен. Осыны үйренсін деп, ұлттық құндылықтарды үйренсін деп, бір топ әже үйретіп жатырмыз.
Кенжегүл Сабирова, қала тұрғыны:
- Негізі баламды ойнатуға келгенмін. Осында шеберлік сағаты өтіп жатқанын көрдім де, қызығып, қатысуға бел будым. Шеберлік сағаты керемет өтіп жатыр.
Саябаққа келушілердің қарасы қалың. Алаңдарды аралап шаршағандардың арнайы әзірленген мына демалыс орнында бір мызғып алуына болады. Бірақ онда жайғасқандар бірен-саран. Себебі тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі. Сәйкесінше белсенділік те жоғары.
Тұрғындар:
- Әртүрлі аймақтар ұйымдастырылған екен. Мен ініммен келгенмін. Өзім де қызығына кіріп, ойнап кетіп жатырмын. Міне, кіші футбол бар, теннис бар арғы жақта.
- Ерекше мереке ретінде қабылдаймыз. Өйткені жаздың жайма шуақ күндерінде отбасымызбен бірге осындай Астананың көрікті жерлеріне, саябақтарға және кешкі уақытта әсем ән тыңдауға жыл сайын шығып тұрамыз.
- Мерекелеріміз құтты болсын, қуаныштымыз. Ең бірінші бәріміздің ойлайтынымыз, тыныштық болсын, бейбітшілік болсын.
Фестиваль дәстүрден жаңылмай, жыл сайын өткізіліп тұрады. Бірақ бұл жолғы шара ерекше. Мұнда демалып қана қоймай, білімді шыңдауға да мүмкіндік бар. Биыл үйірмелердің қатарын тілдер курсы толықтырды.
Алуа Тұрсынхан, фестивальді ұйымдастырушы:
- Біздің негізгі мақсатымыз, қала тұрғындары мен қала қонақтарының көңіл-күйіне жауап береміз. Ол кісілердің керемет күйі – бізге ең маңыздысы сол. Түрлі үйірмелер бар. Ең маңызды айта кететін жағдай, осы жылы біз қазақ тілі, яғни тілдер курсын қостық. Қазақ тілін үйретеді және ағылшын тілі үйірмелері бар.
3 күндік фестиваль аясында үйірмелерге қатысып қана қоймай, мерекелік концертті тамашалауға да болады. Қала тұрғындары мен қонақтары эстрада әншілерінің әуезді әнін тыңдап, құлақ құрышын қандыра алады.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов.