Жыл басынан бері елде мыңға жуық жемқорлық қылмысы тіркелді

Алматыны дамыту ісін жоспарлау барысында заң бұзушылықтарға жол берілген.

Мұны Мемлекет басшысының қабылдауында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы айтты. Асхат Жұмағали Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 6 айда 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізілгенін жеткізді. Жемқорлықты жоюға қатысты мыңнан астам ұсыныс берілген. «Бизнеске жол» жобасы жалғасады. Бұл бастама қолға алынғаннан бері 21 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетілді. Жалпы жыл басынан бері елде мыңға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелді. 700-ден астам адам әшкереленді. 98-і түрлі деңгейдегі басшылар. Тергеу нәтижесі бойынша 232,6 миллиард теңге өтелді. Бір жарым жылда бюджетке және квазимемлекеттік секторға шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар салаларға баса мән беруді тапсырды.