Биыл шымкенттіктер толық таза ауызсумен қамтылады

Биыл Шымкент қаласында 72 мыңнан астам тұрғын таза ауызсумен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін Құрсай, Қайнарбұлақ шағын аудандары және Сайрам тұрғын алабындағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Алайда жұрттың тағаты таусылып, құрылыс сапасына көңілі толмай отыр. Өйткені Алатау көшесіне жаңа құбыр тартуға келген мердігерлер орталықтандырылған ескі құбырды 2 күннің бірінде зақымдап, халықты тіршілік нәрінен айырған.

Зейнеткер Рахия Байбосынованың баспанасына тиесілі су есептеуіш құралы 1 айдан бері далаға кеткен су шығынын да есепке алып жатыр. Айтуынша, көшеден өткен құбырға зақым келтірген мердігер оны қайта қалпына келтіріп беруге құлықсыз. Шіліңгір шілдеде сапасыз құрылыстың салдарынан судан ажырап қалдым, - дейді ол. 

Рахия Байбосынова, Еңбекші ауданының тұрғыны:

- Алдында 10500 теңге келген. Қазір бір 100 мың теңге келетін шығар. Әлі суға келген жоқ «квитанция». Мен төлемеймін. Не үшін төлеуім керек?! Өйткені су азаннан кешке дейін айналып жатыр. Ақыры істегеннен кейін аяғына дейін тиянақты істеп, халықтың рақметін алып кетпей ме?!

Еңбекші ауданына қарасты Алатау көшесінде 300-ге жуық үй бар. Тұрғындар құрылыс басталғалы бері 5 шақырымға жетер жетпес көшенің құбыры қырық жамау болды деп ашынады. Өйткені орталықтандырылған ескі құбырдың үстінен жаңасын тарту сәтсіз аяқталған.

Әбутәліп Жолбарысов, Еңбекші ауданының тұрғыны:

- Бұлар жаңағы трактормен келеді де, итеріп тастап-тастап, көміп кете берді. Оның астындағы труба жарылып жатыр ма, ол ертең су келгенде белгілі болады. Сынып жатыр ма, бір Құдай біледі. Ей, жігіттер, мынау жыр болып кетті ғой, неге қоспай жатсыңдар десем, көке, 3-4 күн шыдай тұрыңыз, қосамыз дейді де, қайтадан кетті. Жоқ, әумин.

Ал салаға жауапты басқарма өкілдері болса техникалық қадағалаушылар бар жұмысты жіті наразда ұстап отыр дейді. Сондай-ақ мердігер компаниямен екіжақты келісім аясында жобаға 5 жылдық кепілдік мерзімі бекітілген. Сондықтан құрылыс сапасына алаңдауға негіз жоқ.

Мақсат Ердембеков, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Мердігерлерде 5 жыл кепілдік мерзімі бар. Енді ол мердігерлерді техникалық қадағалаушылар бар. Олар үкіметтен ақша алады. Конкурспен ұтып алады бұл жұмыстарды. Солар мына құрылыстың сапасына өз бастарымен жауап береді.

Ал қала іргесіндегі Құрсай шағын ауданында 8500 абонент тіршілік нәрін тасып ішіп отыр. Жергілікті халықты сапасы ауыз сумен қамту үшін бюджеттен 5 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған. Үйді-үйге тартылған су құбыры қыркүйек айында орталық жүйеге қосылмақ.

Гүлжахан Досымбекова, Құрсай шағын ауданының тұрғыны:

- 7 жыл болды ғой сусыз отырмыз. Тасып ішеміз водовозбен. Бір водовоз 3 мың теңге болған басында. Қазір 6-7 мың болып жатыр. Ол 15 күнге жетеді. Соны төкпе деп қайта-қайта балдарға үнемдейміз. 

Салаға жауапты басқарма басшысының сөзінше, биыл 72 мыңнан астам халық орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Құрсай, Қайнар бұлақ шағын аудандары мен Сайрам тұрғын алабында құрылыс жұмыстары аяқталып, су құбырын қысымдау жүріп жатыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін шаһар жұрты толық таза ауызсумен қамтылады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.