Жамбыл облысында су тапшылығынан егіс алқаптары қурап жатыр
Жамбыл облысында суармалы судың тапшылығынан 12 мың гектар егіс алқабы қурап кетуі мүмкін.
Әсіресе қант қызылшасын еккен диқандар дабыл қағып жатыр. Ал жауапты мекеме тіршілік нәрі Киров су қоймасында да сарқылып жатқанын мәлімдеді.
Биыл Меркі ауданында 3 мың гектардан аса жерге қант қызылшасы егілді. Бұл облыстағы қызылшаның 30 процентіне тең. Бірақ табысқа кенелеміз деп тәтті түбір еккен шаруалардың тақырға отыратын түрі бар. Себебі қазірдің өзінде су тапшылығынан аудандағы 25 ірі қожалықтың 1000 гектар егісі қурап қалған.
Сансызбай Иманбетов, шаруа:
- 25 гектар еккенбіз ғой. Соның мысалға бәрі шықпай қалды да, қайтадан пересев жасадық павторно. Жүгері ектік жүгеріміз де шықпай қалды. Пәленбай тиын жұмсадық оған. Сол қаражатқа бізге көмек сұраймыз. Субсидия бере ма, қалай үкімет жағынан ше.
Зарина Ниязова, шаруа:
- Бар ақшамыздың бәрін жерге құйып отырмыз қазір. Кредит алып жатырмыз. Айма-ай кредит төлейміз. Бізге ақшалай көмек берсе, кредитіміздің бір бөлігін жауып ары қарай бар қылшамызды күзге дейін сүйрейтін едік.
Жамбыл облысы суармалы судың 80 процентін Қырғызстаннан алады. Өңірдегі «Қазсушар» мекемесі биыл Киров су қоймасынан 560 млн текшеметр тіршілік нәрін алуға келісімге келген. Бірақ бұл мөлшер 200 млн. текшеметрге кем. Бұған Қырғыз тауындағы мұздықтардың ерімеуі себеп, - дейді мамандар. Тамыздың ортасына дейін жаңбыр жаумаса, Таластан су алатын тағы үш аудан судан тапшылық көруі мүмкін.
Ерлан Өтегенов "Қазсушар" РМК ОФ директоры:
- Бүгінгі таңда Киров су қоймасында 74 млн су қалды. Оның ішінде 50-55 млн Қазақстанға тиесілі. Енді мынау ауа-райы өзгермесе, Киров су қоймасына су түспесе 2000 гектар қызылшасы күюі мүмкін.
Шығынға белшеден батқан шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Сол арқылы өнімге салған шығынды өтемақы ретінде аламыз ба, деп үміттенеді.
Нұрби Жігітеков, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Ауыл шаруашылық министрлінің бұйрығымен ведомствоаралық комиссия құрылып, қаржы министрлігі, одан басқа экология және ТЖ министрлігінен комиссия келді. Соның нәтижесінде комиссия көз жеткізіп өздері көрді қандай жағдайда болып жатқанын. Осы комиссияның анықтамасы бойынша шешім қабылдайды деп ойлаймыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аймақта қуаңшылықтан 12 мың гектардан аса егістік зардап шекті. Қазіргі есеп бойынша шаруалар шығыны 3,8 миллиард теңгеге жеткен.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә