Астанада Қазақстандағы ең үлкен пазл құрастырылды
Бүгін Астанада Қазақстандағы ең үлкен пазл құрастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы аумағы 200 шаршы метр болатын мозайкалық туындыны «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері мен қала тұрғындары жасап шықты. «Болашақтың қаласы» деп аталатын картинада елорданың келешектегі келбеті салынған. Тіпті пазлдағы суреттердің өз ерекшелігі мен астарлы ойы бар.
1500 дана мозайка бөлшектерінен тұратын пазлды құрастыру үшін 50 адам білек сыбана кірісті. Идея авторы Астананың келешектегі келбетінен бөлек, бас шаһардың бүгінгі түйіткілді мәселелерінің шешім тапқан көрінісін туынды арқылы көрсеткен. Мысалы, жыр болған LRT құрылысы, кіші Талдыкөлдің тағдыры, 5G жылдам интернет желісі сияқты бас-аяғы 30-ға жуық проблеманы алып, мозайкалық пазлда бейнелеген.
Мирас Ахметов, идея авторы:
- Қазақстандағы ең үлкен пазлды құрастырып жатырмыз. Оның өлшемі – 200 м2. Біз әртүрлі қаланың мәселелерін алдық және оның шешу жолдарын салдық осы пазлға. Мен өзім жалпы дизайнер болып табыламын. Біздің қозғалыстағы белсенділермен бірге осы суреттің эскизін салдық.
Идея авторы мен «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері мозайкалық туындыны әзірлеу үшін 2 ай уақыт жұмсаған. Әрбір суреттің өз айтар ойы бар. Бүгін оны құрастыруға жасы да, жасамысы да бір кісідей атсалысты.
Орынгүл Нұртазиева, қала тұрғыны:
- Шара өте қатты ұнап жатыр. Құрастырып жатқанда үстінен қараған кезде өте көркем, әдемі. LRT және барлық проблемалар осында қамтылған. Оның үстіне мына жерде балалар жүргендіктен, бұлар енді Астанада туып-өсіп келе жатыр ғой. Сондықтан бала кезден бастап білгені жақсы.
Алып пазлды Астана қаласы әкімдігінің дәл алдында құрастыру да тегін емес. Ұйымдастырушылар билікке ел Астанасының бүгіні мен ертеңгі көрінісі туралы ойымызды осылай жеткізгіміз келді дейді. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері келешекте бұл мозайкалық туындыны қаланың көрікті жеріне орналастыруды көздеп отыр.
Авторлары: Азамат Серікхан, Мейрам Жүнісов.