Қостанай облысында инвестициялық әлеует артады

Қостанайлық кәсіпкерлер қайта жаңғыртылатын қуат көзін қамтитын жобаларға ден қоя бастады.

«Полиметалл» компаниясы аймақта күн және газпіспекті электр станциясының құрылысын қолға алады. Осылайша қос станция шығаратын энергия көзі алтын өндіруші кәсіпорынның бар қажеттілігін өтейді. Жоба 80 миллион долларға бағаланып отыр.

Қостанай облысындағы Варварин кен орны 2009 жылдан бері «Полмиметалл» компаниясының еншісінде. Бұл жерден алтын қазылады. Аймақтағы ірі кәсіпорын болғандықтан сәйкесінше электр қуатын көп мөлшерде тұтынады. Сол себепті қайта жаңғыртылатын энергия көзіне көшу - заман талабынан туындаған. Алтын өндірушілер жақын арада күн және газпіспекті электр станциясын салуды бастайды. 

Қанат Досмұқаметов, "Полиметалл Евразия" ЖШС бас директоры: 

- Бұл гибридті жоба болады. Күндізгі уақытта  күн электр станциясы электр жарығын берсе, ал газпіспекті станция қуат көзін кешкі және түнгі уақытта өндіреді. Бұдан бөлек құны 45 миллион доллар болатын газпіспекті станция ұлттық электр желісіне теңгеруші энергия тарата алады. Бұның бәрі қайта жаңғыртылатын энергия өндіретін станцияда туындайтын техникалық ақауларды болдырмауға септігін тигізеді.   

Қостанай облысына 2023 жылдан бастап 220 млрд теңге инвестиция салынды. Аймақта инвестиция тартудың бірнеше тетігі жүзеге асырылады. Әуелі жер учаскесі беріліп, инвестициялық келісімшарт жасалады. Қажетті инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталады. Алайда әр жобаның ойдағыдай жүзеге асуы білікті кадрларға байланысты. Осы ретте жергілікті билік қол ұшын созуға қашанда дайын.    

Назарбек Коңқабаев, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Қазірден бастап колледж, жоғары оқу орындарын қайта бағдарлап, қосымша мамандықтар ашып жатырмыз. Бұл болашақ инвесторларымызға кадрлар тартуға жол ашады. Мұндай ұтымды мысалдар бар. Солардың бірі – «КамЛит» серіктестігі. Жалпы машина жасау саласында жобалар көп. Осы бағытта биыл қосымша бес мамандық ашылады.      

Қостанай облысында бизнестің инвестициялық тартымдылығын арттыру жайы арнайы форумда талқыланады. Шара 4 тамызда Қостанайда өтеді. Диалог алаңына Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы және Қазақстанның өзге өңірлерінен инвесторлар қатысады деп жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Артем Грапов, Сергей Трахтенберг