Президент Павлодардағы кәсіпкерлермен кездесті
Ал түс ауа Мемлекет басшысы облыс орталығы Павлодар қаласына ат басын бұрды.
Президент онда жергілікті өндірушілер өз өнімін ұсынған көрмеге қатысып, кәсіпкерлермен әңгімелесті. Көрмеге тамақ, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы мен мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев, іскер азаматтармен жүздесу барысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда серпіліс жасап, қолдау тетіктерін пысықтау қажеттігін айтты.
Биыл аймаққа 344 млрд теңге инвестиция тартылды
Павлодарда ірі өндіріс ошақтары көп. Солардың бірі - құрылыс заттарын шығаратын зауыт. Мұнда үй салуға қажетті материалдар өндіріледі. Өңірді толық қамтамасыз етіп отыр. Енді кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына да атсалыспақ. Сапар барысында Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы Павлодар облысы әкімінің есебін тыңдады. Асайын Байханов, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылғанын айтты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Өңір басшысы Екібастұзда құны 35 миллиард теңге болатын техникалық кремний өндіру зауыты салынатынын да жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Poly Metal International халықаралық компаниясы қолға алған ірі жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады. Кәсіпорын іске қосылса, құрамында алтыны бар 300 мың тонна концентратты қайта өңдеп, одан 15 тонна алтын алуға мүмкіндік тумақ.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Павлодар облысында ауқымды 113 инвестициялық жоба анықталған. Жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге. Нәтижесінде 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.