Павлодар облысына биыл 344 млрд теңге инвестиция тартылды

Мемлекет басшысы түс ауа облыс орталығы Павлодар қаласына ат басын бұрды.

Президент онда өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті әкімнің есебін тыңдады. Кәсіпкерлермен кездесіп, жалынды жастарды жігерлендірді.

Павлодарда Президент тауар өндірушілермен кездесті. Жергілікті өнімдер көрмесіне тамақ және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев көрмені аралап, кәсіпкерлермен әңгімелесті.

Павлодарда жалпы ірі өндіріс ошақтары көп. Солардың бірі - құрылыс заттарын шығаратын зауыт. Мұнда үй салуға қажетті материалдың барлығы өндіріледі. Өнімдерімен өңірді толық қамтамасыз етіп отыр. Енді кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына да атсалыспақ. Сапар барысында Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы Павлодар облысы әкімінің есебін тыңдады. Асайын Байхановтың баяндауынша, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Павлодар облысында ауқымды 113 инвестициялық жоба анықталған. Жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге. Нәтижесінде 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.

Президент мұнан соң жергілікті колледждердің біріне барды. Оқу орны ақпараттық технологиялар бағытында білім береді. Мұнда жыл сайын 800-ден астам жасөспірім тәлім алады. Колледж қабырғасында IT HUB жұмыс істейді. Ол арқылы студенттер оқып жүріп-ақ өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік алған. Мемлекет басшысы мұнда Павлодар облысының креативті жастарымен кездесті. Олар өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, жоспарларын жеткізді.

Қазбек Сағидолла, IT маман:

- Жалпы алдағы уақытта біздің жоспарларымыз орасан. Еліміздің білім саласындағы АйТи жобаларының барынша жоғары деңгейде дамуына үлес қосқымыз келеді. Көріп тұрғаныңыздай Павлодар жастары өте шығармашыл, өте креативті. Кешегі Қаныштар мен Әлкей Марғұландар туған бұл өлкеде әлі талай ғалым шығады деп біліңіз. – Шығады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Жаңа ғана пікір алмастық. Расында, Баянауылдан, жалпы Павлодар облысынан қаншама ғұлама адамдар шықты.+ Сондықтан жалғасы болады. Баршаңызға табыс тілеймін.

Ертіс өңірінде медицина саласы да қарқынды дамып келеді. Мәселен, Павлодардағы көз орталығында тек қазақстандықтар ғана емес, жақын шет ел азаматтары да келіп, ем алады. Емхана дәрігерлері ай сайын 1 мыңға жуық науқасты қабылдап, 200-ге тарта операция жасайды. Клиника қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы өңірлерде осындай жоғары технологиялық медицина мекемелерінің ашылуы өте маңызды екенін атап өтті.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Сапар соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, облыс әкіміне аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған іс-шараларды уақытында атқарып, инвестор тарту, жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттерді жүйелі жүзеге асыруды тапсырды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев