Жамбыл облысында ірі химия кешені іске қосылады
Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі химия кешені іске қосылады.
Бұл жөнінде Әлихан Смайыловтың Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды. Өңірдегі жаңа инвестициялық жобалармен танысқан Премьер-министрге «ЕвроХим» компаниясының басшылығы тау-кен кешенінің базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфориттер өндіру жолға қойылғандығын жеткізді. Инвестиция көлемі 126 млн АҚШ долларына тең. Енді кәсіпорын минералды тыңайтқыштар шығаратын химия кешенінің құрылысын бастаған. Оның өндірістік қуаттылығы жылына кемінде 1 млн тонна болмақ. Бұл жобаны жүзеге асыру 1 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға және 1200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Премьер-министр Үкіметтің химия өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын айтты. Ал ірі кәсіпорын өңірдің ғана емес, жалпы республиканың дамуы үшін де маңызы зор екенін жеткізді.
Сондай-ақ Үкімет басшысына автоматтандырылған газ тарату стансалары құрылысының барысы жайлы ақпарат берілді. Бұл облыстағы 50-ден астам елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет тарапынан тиісті қолдау болады. Қазір газбен қамту мәселесін жергілікті әкімдікпен бірлесіп шешіп жатырмыз. Сіздің басты міндетіңіз – бұл жобаны уақытылы іске қосу. Кешен құрылысы аяқталғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласының қажетті минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын тиісті деңгейде қамтамасыз етеді және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.