Астанада күрделі операция жасалды
Жыл сайын Астанадағы №2 көпбейінді балалар ауруханасына қуық-зәр шығару жүйесі сырқаттарымен 2000-ға жуық бала жүгінеді.
Олардың 80 пайызына операция жасалады. Отандық дәрігерлерге күрделі ем-дом жасауға шетелдік әріптестері қолғабыс етуде. Түрік мамандары қатысқан кезекті операция сәтті өтті.
Үштен енді асқан Кәрім гематурия диагнозымен ауруханаға түсті. Яғни, зәрі қызғылт түске боялған соң анасы дәрігерге алып келген. Ал сараптама барысында зәр жүру жолы кеңейгені анықталды. Бұл уақыт өте бүйректі істен шығаруы әбден мүмкін еді. Бүлдіршінге Түркиядан келген мамандар ота жасады.
Әйгерім Сүлейменова, қала тұрғыны:
- Осы бәлніске түскеннен кейін біздің диагнозбен операция жасау керек деген соң. Бірақ, осы бәлністе бұл операция жасалмайды екен гельмен, эндоскопиялық түрімен. Бізге басқа бәлніске барып, порталмен, очередьпен күтесіз деді. Бірақ осы бәлніске түрік мамандары келіп, бізге өте қатты жолымыз болды. Осы мамандар операция жасады бүгін.
Қуық-зәр жүйесі кеңею дертімен 1500 баланың біреуі ауырады. Дәрігерлер бұл ем-дом шарасы мол тәжірибені қажет ететінін айтады. Ота көбіне эндоскопиялық тәсілмен атқарылады. Бұл тұрғыда отандық мамандардың еңбегі зор екенін атап өту керек. Түрік маманы Керим Озил де қазақстандық дәрігерлердің кәсіби деңгейіне жоғары баға береді
Керим Озил, Еуропа балалар хириургиясы қауымдастығының мүшесі:
- Біз бұл жерге тәжірибе алмасу үшін келдік. Әркімнің оқып түйгені бар. Қазақстандық дәрігерлердің тәжірибесі түрік мамандарынан еш кем түспейтінін атап өткім келеді. Мен әр келген сайын жаңа әдіс-тәсілдерді көріп, машықтармен танысып жүрмін. Мұндағы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасының да жақсы жабдықталған. Бұл да дәрігерлердің сапалы қызмет көрсетуіне үлкен көмек.
№2 көпбейінді балалар ауруханасында жылына 13 мың ота жасалады. 2 жастан 18 жасқа дейінгі мыңдаған бала дәрігерлердің шарапатын көрді. Түркиядан басқа да мемлекеттерден білікті мамандар келіп тұрады. Олар 100-ден аса отаға қатысты. Сондай-ақ, былтырдан бері ауруханада 17 шеберлік дәрісі өтті.
Гүлнәр Кулушова, №2 көпбейінді балалар ауруханасының басшысы:
- Біздің дәрігерлердің мұндай оталарды күнделікті жасап жатқанын айту керек. Себебі, тәжірибе алмасу деген, біздің білмегендіктен келіп жатқан жоқ. Біз бір-бірімізбен екі елдің арасындағы қарым-қатынысымызды ары қарай жалғастыру, бір-бірімізбен біліктілікті арттыру деп білем. Дегенмен, біздің дәрігерлер күнделікті осындай 20-30 операция жасаймыз тек қана зәр жүйесіне ана, жалпы хирургиялық арурларға деп айтуға болады.
Түрік мамандары үш күнде сирек кездесетін ауруға шалдыққан 8 балаға күрделі операция жасайды. Бұл науқастар дәрігерлер кеңесінде қаралып, таңдалған.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Ал ертең түрік дәрігерлерінің қатысуымен тағы бір күрделі операция өткізу жоспарланып отыр. Он үш жасар қыздың қуығы ішегінен алынып, жаңадан қойылады. Бұл – елу мың адамда бір кездесетін өте сирек ауру. Операция сегіз сағатқа жоспарланған.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Самат Сүлейманов