7 таулы аймақта цифрлық гидробекет орнатылады
70 жылдан кейін Қазақстан аумағындағы мұздықтар толық еріп кетуі мүмкін.
Мұндай болжамды ғалымдар келтіріп отыр. Салдарынан тау басындағы көлдер суға толып, сел жүру қаупі күшейе түседі. Сондықтан Алматыға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаһар маңында салынған, Аюсай бөгетімен танысты.
Риат Шони, тілші:
- Аюсай бөгеті. Алматылықтарды селден қорғауға бағытталған нысан. Құны 10 млрд теңгеден асатын жоба 2 жыл көлемінде салынып жатыр. Биіктігі 41 метрге дейін жетеді.
Айта кету керек, бұл бөгеттің 2,3 млн текше метр суды ұстай алатын қауқары бар.
Іле-Алатауының бөктерінде орналасқан Алматы. Көкпен таласқан биік шыңдарды мәңгі қар мен мұз басты дегенімен, шаһарға қатер төндіріп келеді. Нақтырақ айтқанда, соңғы кезде сел жүру қаупі күшейіп, қала тұрғындарын сергелдеңге салған. Оған себеп – жаһандық жылыну болып отыр. Сондықтан алматылықтарды табиғи апаттан қорғау үшін Аюсай шатқалында үлкен бөгет салу ісі қолға алынған.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" мекемесінің басшысы:
- Таулы жерлерде үлкен көлемде жаңбыр жауатын болса, біз үшін 30 мм астам – бұл қауіпті деп есептеледі. Сонда осындай үлкен көлемдегі суды мына плотина ұстап қалады. Соңғы 60 жылда біздің мұздықтар 42 пайызға азайды. Селдің қауіпі 33 пайызға артты. Бұл дегеніміз қазіргі таңда жаһандық жылыну болғаннан кейін мына мұздықтар тез ери бастады. Ол үлкен қауіп.
Негізі Алматы қаласының маңында 51 мұзды көл. Соның үшеуі шаһар аумағында болса, тағы соншасы Іле-Алатау ұлттық паркінде. Айюсай бөгеті де осы жерде салынған. Бүгін инженерлік құрылыммен танысуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Президентке нысанды таныстырған төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов бұл бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық ғимаратты табиғат апатынан қорғайтындығын жеткізді.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Бұл жерде Үлкен Алматы өзенінің арнасына құятын 20-ға жуық мұзды көл бар. Соның төртеуі қауіпті болып саналады. Қазір осы көлдер бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни, сел жүру қаупі сейілтілген.
Төтенше жағдайлар министрі Аюсай бөгетінің әуселесі осыдан 1 ай бұрын тексерілгендігін де айтты. Шілденің 21-і күндері бұл маңда қатты жауын салдарынан сел жүрген еді. Сол кезде бөгет алматылықтарды үлкен апаттан аман алып қалған екен.
Қазақстан аумағының 13 пайызында сел жүру қаупі бар. Бұл еліміздің 8 облысы. Онда халықтың 50 пайызы тұрады. Қазақстандықтарды үлкен табиғи апаттан аман алып қалу үшін жауапты мекеме – «Қазселденқорғау» кәсіпорны пилоттық жоба аясында еліміздің 7 таулы аймағында цифрлық гидробекет орнатуды жоспарлап отыр. Бұндағы мәлімет Төтенше жағдайлар министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" мекемесінің басшысы:
- Цифрлық бекет судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн-режимде мониторинг жүргізеді. Қазір бұндай 33 қондырғы Алматы қаласында орнатылған. Ал қазір Қаскелең, Үлкен Алматы, Талғар және Есік өзендерінің арнасын ретке келтіру қажет. Яғни, 1 млн-ға жуық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан қаржылай қолдау қажет.
Қайрат Бекенов атаған жұмысты Алматы қаласының әкімдігі алдағы 3 жылда толық атқаруға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ шаһар басшысы Ерболат Досаев Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесін материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға да көмектесеміз деді. Негізі ғалымдар 70 жылдан кейін Қазақстан аумағындағы мұздықтар толық еріп кетуі мүмкін деп болжап отыр. Сондықтан ілкім іс атқарып жатқан мамандарға Президент табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Алматы қаласы тұрғындарының қауіпсіздігіне байланысты ғой бұл жұмыс. Сондықтандан 500-ден астам кісі жұмыс істеп жатыр. Олар сәлем айтыңыз. Жұмыстарыңыз табысты болсын.
Айта кету керек, еліміздің биік таулы аймақтарында 970 мұзды көл бар. Оның 156-ында сел жүру қаупі жоғары. Биыл Төтенше жағдайлар министрлігі осындай 13 көлде апаттың алдын алу жұмыстарын жүргізген екен.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы