Ақсу қаласындағы жаңа қазандық қашан іске қосылады?
Ақсу қаласындағы жаңа қазандық биылғы жылу маусымында іске қосылмауы мүмкін.
Бұған дейін анықталған олқылықтар әлі күнге дейін жойылмаған. Одан бөлек, мердігер жобалық-сметалық құжатта көрсетілмеген жабдықтарды қолданып, өз бетінше іске қоспақшы болған.
Айта кетейік, жаңа қазандық жобасы 2015 жылы әзірленіп, құрылысына 11 млрд теңге жұмсалды. Дегенмен, жауаптылардың айтуынша, бұл мәселе жылумен қамтуға кедергі болмайды. Бұрынғы жылу электр станциясындағы жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Жылу маусымы басталғанға дейін іске қосылады.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Енді бүгінгі күні бұның екі жолы бар. Біз мердігермен ақырғы кездесуді бір ай болған жоқ, өткіздік. Сол кездесудің нәтижесінде қандай шешімге келдік? Олар жаңағы қосымша жабдықтарды бұл жобадан алып тастайды және де қазандықты іске қосады. Екінші жолы бұл жабдықтарды ресми түрде жобалық-сметалық құжаттамаға енгізіп, мемлекеттік сараптамадан өткізеді.