Орал компрессорлық станциясына қайраткер Есет Әзірбаевтың есімі берілді
«Орал» компрессорлық станциясына газ саласының еңбек сіңірген қайраткері Есет Әзірбаевтың есімі берілді.
Салтанатты шараға «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен жергілікті өндірістік ұжым қатысып, көзкөргендер академиктің еңбек жолы туралы естелік әңгімелерімен бөлісті.
Еліміздегі мұнай-газ өндірісі саласында Есет Әзірбаевтың орыны ерекше. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастаған маман кейін көптеген құбыр желісінің құрылысына жетекшілік етіп, ірі компанияларды да басқарды. Сала ұжымы оның ілкімді істерін тәжірибе құралындай көреді. Компрессорлық стансаға академиктің есімін беру шарасы аясында мемориалдық тақта да ашылды.
Таңбай Наушиев, сала ардагері:
- Барлық жағынан жастарға өнеге болатын адам. Сол кездің өзінде, біріншіден, араб тілін өте жетік білді. Екіншіден, жеке басының жақсылықтары. Ондаған қазақ жастары сол кісінің жәрдемін көрдік.
Есет Әзірбаев бір жылдары дәл осы Орал компрессорлық стансасында да қызмет атқарған. Сала көшбасшысының қолтаңбасы қалған өндіріс орны әлі тынбай жұмыс істеп тұр. Мұнда вахталық әдіспен әр ауысымда 40 шақты адам еңбек етеді.
Санжар Жаркешов, "Qazaqgaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:
- Мәртебелі себеппен келіп отырмыз +Есет Әзірбаевтың тарихына, өміріне тағзым етуге. «QazaqGaz» компаниясы 90-жылдардың басында ең бірінші газ компаниясы болып құрылды. Ол уақытта өте қиын кезеңде осы Есет Әзірбаев үлкен стратегиялық шешімдер қабылдады. Сонымен газ саласы экономикамыздың ірі драйверіне айналды.
Мазмұнды шараға Есет Әзірбаевтың туыстары да қатысып, алғыс-тілегін жеткізді. Олар сала ұжымымен бірге компрессорлық стансаны аралап, өндіріс барысын қарап шықты. Станса ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарып тұр.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов