Биыл ел көлемінде 12 жасырын казино анықталды
Казино деген жоғалмапты.
Биылдыққа елде жасырын жұмыс істеп келген 12 орын анықталды. Одан, бөлек ойын терминалдарына қатысты 28 қылмыстық іс қозғалған.
Мамандар өткен жылдарға қарағанда жағдай түзеліп келеді деп сендіреді. Яғни, кейінгі бес жылда қылмыс 5 жарым есе азайған. Ал лудомания дегеніңіз қоғамды алаңдатқан дертке айналды.
22 жастағы Әмір – Астананың тумасы. Шымкенттегі медициналық колледждің үшінші курсында оқиды. Жас жігіт үш жыл бойы құмар ойынның жетегінде жүрген. Сөйтіп, белшеден қарызға батты. Мұнысын жақындары кейін білген. Өйткені қаржы ұйымдарынан қоңырау көбейеді.
Әмір Қала, тұрғыны:
- Қазіргі уақытта 30 миллиондай қарызым бар. Кредит, займ, адамдарға қарыздарым бар. Дұрыс емес екенін біліп тұрсам да ойымда то што ставка қойып, ұтып, қайтарып бере аламын деген оймен баратынмын. Кейбір кезде ойыма келеді, ақша қиын, қиыншылық болып тұрған кезде, үйдегілер ақша жайлы айтса, ойыма бірінші келетіні сразу ставка қою.
Мамандардың айтуынша, лудомания бұл да дерт. Емделуі қиын. Әмір Шымкенттегі оңалту орталығында бірнеше айдан бері ем алып жүр. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, қазір орталыққа келетіндер көбейген.
Артур Котенко, емдеу орталығының басшысы:
- Бала тәрбиесіне баса мән беру керек. Өзімнің жеке тәжірибемнен байқағаным, бала кезінде ата-анасы тиісті көңіл бөлмеген адамдар құмар ойынға бейім келеді. Жыл санап орталыққа келетіндер саны артуда. Мәселен, былтыр 50 адамды қабылдасақ, биыл олардың саны 150-ден асып кетті. Бұл – ойынға берілгендердің 10 пайызы ғана екенін сеніммен айта аламын.
2019 жылдан бері заңсыз ойын бизнесіне қатысты 1148 іс қозғалды. Әйтсе де, мамандар қылмыс көлемі жыл санап кеміп келе жатыр деп көңіл жұбатады. Мәселен, төрт жыл бұрын заңсыз ойын терминалдары бойынша 208 дерек тіркелсе, биыл 28 іс өндіріске берілген. Есесіне, құмар ойын дегеніңіз әлеуметтік желіні еркін жайлап алған.
Әлібек Әбділов ҚР Қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі:
- Биыл «TikTok» желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Айта кетейік, қатысушылардың басым көпшілігі кәмелетке толмағандар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұйымдастырушылардың 177 аккаунты анықталды. Ойыншылардың күнделікті саны мыңдаған адамдармен өлшенді. 10 ұйымдастырушыға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды, оның 3-і бойынша үкім шықты. 4 адам бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне және 2 адам бас бостандығын шектеуге сотталды.
Енді агенттік әлеуметтік желіде жасанды интеллектіні іске қосты. Бұл жүйе заңсыз контент эфирін бірден жабады. Былтыр осы әдіспен 5,5 мың, биыл 2 мыңнан аса сайт анықталған.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Нұрсұлтан Аббаз, Самат Нағашыбекұлы