Қарағандылық тіл жанашырлары сауатсыз жарнамамен күресіп жатыр

Қарағандылық тіл жанашырлары кәсіпкерлерге тегін көмек көрсете бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар көше жарнамасындағы көз сүрінетін қатені қалай жоюдың қыр-сырын айтып берді. Ол үшін көрнекі ақпараттың өзге тілдегі мәтінін WhatsApp желісіндегі нөмірге жіберсе жеткілікті. Тез арада сауатты аудармасы дайын болады. Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің дені мемлекеттік тілге келгенде тегін қызметті қажет деп таппайды. Жыл басынан бері еріктілер 2 мыңнан астам дүкен мен сауда үйінде қателерді анықтады. Олардың тек 100-ге жуығы олқылықты түзеуге ниет танытқан.

Бұл – Қарағандының оңтүстік-шығыс ауданы. Қазір еріктілер мен тіл мамандары әр дүкен мен бизнес нысан иесіне сауатсыз жазылған жарнамасын көрсетеді. Мұнда жұмыс туралы ақпарат бір тілде, ал дүкеннің ішінде барлық баға мен тауар атауы ресми тілде жазылған. Бұл заңға қайшы. Дүкен иесі «білмедік» деп құтылғанымен заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бірақ заң осал. Әуелі тек ауызша ескерту беріледі. 

Гүлбану Ахметжанова, кәсіпкер:

- Дүкеніміз жақында ашылды. Жұмысымызды енді бастадық. Мамандардың тегін аударма жасап беретіні – құптарлық іс. Әрине жақында бәрін қазақшалап қайта ілеміз.

Мынау дәмхананың сыртқы жарнамасы мен мәзірі тек ресми тілде. Әкімшілік мәзірдің қазақ тілінде де болуын жақсы біледі. Бірақ оны ертеңнен бастап жазуға кіріспек.

Тоқтар Бадықов, дәмхана әкімшісі:

- Негізі 2 мәзір болуы керек. Қазақ және орыс тілінде. Себебі кейбір адамдар тағам аттарын білмей жатады. Енді біз тегін қызметке жүгінеміз. Мәзірді дұрыстаймыз.

Заң талаптарын түсіндіріп, бизнеске тегін аударма, әдістемелік көмек көрсету үшін ресурстық тіл орталығы мамандары 2000-нан астам нысанды аралаған. Осы ретте арнайы жедел желі ашылды. Жыл соңына дейін тағы мыңға жуық нысанды аралау көзделген.

Мөлдір Смағұлова, Ресурстық тіл орталығының басшысы:

- Тегін деген дүниенің кішкене болсын ықпалы болып тұр. Өйткені бұрын мүлде ақпарат парақшаны бергенде кейбірі ескеріп, кейбірі қоқысқа тасталынып қалатын сол жәшікте. Ал тегін болған соң олар ойлана бастады. Бір хабарлассам, ештеңе етпейді деп кері байланысқа шығып жатыр.

Жарнаманы жөндемейтін нысандар да бар. Заң бойынша оларға ескерту беріледі. Қайталанса 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бірақ жаза қолдану  шаралары тілдерді дамыту басқармасының құзіретінде емес.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.