Жылу маусымына дайынбыз ба?

Абай, Атырау облыстары мен Астанадағы әлеуметтік нысандар жылу маусымына толық дайын емес.

Желілерді жөндеу және жаңарту жұмыстары да, кестеден кешігіп жатыр. Ал елге қажет көмір қоры 28 пайызға ғана жиналған. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов құзырлы органдарға, қатты отынды кедергісіз жеткізуді тапсырып, олқылықтарды екі аптада реттеуді міндеттеді. 

Елде 573 шақырым жылу желісі жөнделуі тиіс еді. Әзірге жоспар 86 пайызға орындалды. Кестеге ілесе алмай жатқандар қатарында Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстары бар. Қайта жаңартылуы тиіс 133 шақырым жылу желілерінің 78% ғана атқарылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмайтын учаскелер саны 10-ға жуықтаған.  

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Маңғыстау облысына екі жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жоспарланған бес те бір шақырымның тек жүз метрі төселген. Құбыр өнімдерінің қажетті көлемі болмауда. Осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да байқалады. Петропавл қаласында бір жоба бойынша жоспарланған 1,3 шақырымның 200 метрі ғана төселген. Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында екі жобадан, сондай-ақ Шымкент қаласында бір жоба бойынша жоспардың орындалуы жетпіс пайыздан төмен.  

Жылу маусымынан қысылмай шығу үшін 9,1 млн тонна көмір қажет. Оның 7 млн жуығын халық пайдаланады. Әзірге жылдық жоспар 28 пайызға орындалды. Әлеуметтік көмірдің шетел асуы елдегі сұраныстың толық өтелуіне кесірін тигізуі мүмкін. Сол себепті құзырлы министрлік отынды автомобиль көлігімен тасуға шектеу қоймақ. Энергия көздерінің отын қоймаларын да толтыру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Жандос Нұрмағамбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,9 млн тонна көмір және 85 мың тонна мазут жинақталған. Қысқа дайындық былтырғыға қарағанда жоғарырақ. 2 мекемеде нормалар сақталмаған. Көкшетау жылу және Риддер стансасында енді тасымалдайтын болады көмірді. 

Үкімет басшысы ауа райының қолайсыздығына байланысты солтүстік және шығыс өңірлерде жылу маусымы ерте басталатынын ескертті. Өкінішке қарай қамсыз отырған өңірлер бар. Абай, Атырау облыстары мен Астанадағы бірқатар әлеуметтік нысанның дайындығы төмен. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізілуде. Сонымен қатар, жылу маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеменің төмен болатынын ескерсек, бұл  үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеу керек. Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді  қамтамасыз етуі тиіс. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елде үш мыңға жуық тұрғын үй қысқы кезеңге дайын емес. Оның көбі Маңғыстау облысы мен Шымкент, Алматы қалаларында орналасқан. Ал елордадағы жылу мәселесін үшінші ЖЭО іске қосылуы шешеді. Ол жыл соңына дейін іске қосылады. 

Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев