Ұлытау облысы жылу маусымының дайындық жұмыстарына ₸35 млрд бөлді
Ұлытау облысы биылғы жылу маусымының дайындық жұмыстарына 35 миллиард теңге бөлді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндай көлемде қаражат бұрын-соңды жұмсалмаған. 11 миллиардтан астам теңгесі Жезқазған жылу электр орталығын жаңғыртуға бағытталды. Жоспарлы жұмыстың 99%-і орындалды, - дейді сала мамандары.
- Жазда 1,5 айы ыстық су болмады. Кейін 1-2 апта берілді. Ал қазір, міне, 5-6 күн болды, тағы тоқтады.
- Мен 9-орамда тұрам. Шілденің 4-і күні ыстық суды сөндірді, 2 айға деп. Міне, 3-ші айға кетті, ыстық су жоқ.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Иә, расымен Жезқазғанда ала жаздай ыстық су болмады. Қыстың қамын ойлаған тұрғындар оған да түсіністікпен қарады. Жалпы қала бойынша биыл 22 шақырымнан астам жылу желілерін жаңарту жоспарланған. Оның бүгінге дейін 80%-і орындалды. Қазір қаланың басты көшелерінің бірінде магистралдық құбыр ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Соған байланысты кешелі бері жарты қалада ауыз су беру де уақытша тоқтады.
Өткен қыста жылуға жөнді жарымаған тұрғындардың алаңдауы орынды. Дегенмен биыл қаладағы жылу желілерін жаңғыртуда бірсыпыра жұмыс атқарылды. Арнайы брифинг өткізген сала мамандары бір аптаның ішінде қысқы маусымға әзірлік жұмыстары толық аяқталады деді.
Ұлантай Үсенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Бізде жылу желілері бойынша бүгінгі таңда 99,6%-ке бәрін бітірдік. Алашахан даңғылында бір учаскеміз қалды, сосын гидроцехтың жанындағы 11 магистраль қалды. Оны бірақ 1 қазанға дейін толық бітіреміз.
Жезқазған жылу электр орталығы қыста 4 қазандықты іске қосады. Қаланы түгел жылытуға оның күші жетеді, - дейді мамандар. Қажет болса, резервте тағы 2 қазандық дайын тұр.
Ұлантай Үсенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Жылу беру маусымына ТЭЦ бүгінгі таңда толық дайындықпен кіреді. Көмір қоры бар. Мазуты бар. Қосымша мазутқа шартқа отырды. Сондықтан жылыту беру маусымының аяғына шейін отын жеткілікті.
Өткен қыста жылу электр орталығында бірнеше апат болып, 3 қазандықпен қалған күндер болды. Себебі нысанның негізгі құрылғылары 70%-ке тозған. Биыл оны жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемі 3 есе артып, 11,7 млрд теңгеге жетті. Бірақ мамандар оның өзі жеткіліксіз дейді. Сол себепті тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасына қатысуға өтініш әзірлеп жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.