Қоқыс мәселесі қалай шешіледі?
Бірінші кезекте қоқыс мәселесін шешуге басымдық беремін. Жаңадан тағайындалған Экология министрі осылай дейді.
Өйткені бей-берекет жатқан тұрмыстық қалдық үйінділері 5 мыңнан асты. Бұл сан жылдан жылға көбейіп барады. Үкімет басшысы бүгін саладағы олқылықтарды жіпке тізді. Жауаптыларға биылдан қалдырмай атқарылуы тиіс маңызды міндет жүктеді. Елді қоқыстан қалай тазартамыз? Жылдар бойы қордаланған мәселені жаңа министр қалай шешпек?
Күл-қоқыстан көз аша алмай отырмыз. Тау да, қыр да, дала да, қала да әбден ластанып барады. Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдейтін бірде-бір зауыт іске қосылмады. Үкімет басшысы осылай деп жауаптыларды сын тезіне алды. Қараша да сол баяғы, қоқысты жинау мәдениеті қалыптаспаған. Басқаны айтпағанда ірі мегаполис саналатын Ақтөбедегі жағдай осы. Қалаға сынық сүйем жерде жатқан қолаңса иіс қолқаны қабады. Жыл басынан бері өңірде 300-ге жуық заңсыз үйінді анықталды. Осыған дейін жергілікті жұрт тазалықты талап еткен-ді. Енді әкімдік соның 90%-тен тазарттық, қалғаны қараша айына қалды деп сендіріп отыр.
Ербол Қуанов, Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы:
- Күні бүгін Ақтөбе қаласының мына ескі полигонын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, сол айналасындағы стихиялық қалдықтарды сол полигонға әкеле отырып, жою арқылы жұмысты аяқтау көзделіп отыр.
Өзге өңірлердегі жағдай сәл күрделі. Былтыр елде 6 мыңға жуық қоқыс үйіндісі табылды. Жауаптылар соны тазарта алмай әлек болып жүргенде оған биыл мамыр айынан бері тағы 6 мыңға жуық қоқыс орны қосылды. Әсіресе Абай мен Маңғыстау тазалыққа салғырт. Ұлытау мен Астанада да жағдай күрделі.
Абай облысы:
Қоқыс үйіндісі – 348;
Жойылғаны – 57.
Маңғыстау облысы:
Қоқыс үйіндісі – 111;
Жойылғаны – 18.
Ұлытау облысы:
Қоқыс үйіндісі – 205;
Жойылғаны – 42.
Астана қаласы:
Қоқыс үйіндісі – 338;
Жойылғаны – 104.
Жағдайдың күрделі екенін Үкіметтегілер де жақсы біледі. Премьер-министр атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз деді. Сөйтіп, қайта өңдеу ісін сынға алды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 50%-ке жеткен. Ал Швеция тіпті тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, кәдеге жаратып отыр. Ал біз әлі күнге дейін көму әдісін пайдаланамыз.
Жалпы бұл мәселе Үкімет қабырғасында бірінші рет көтеріліп жатқан жоқ. Жағымсыз көрсеткіш жыл сайын өсіп жатыр, - дейді жауаптылар. Мұны су жаңа Экология министрі де мойындады. Ол бірінші кезекте қоқыс мәселесіне назар аударамын деді.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Пакеттер, қолдарына қыстырып кететін фаст-фуд сырты, Совет дәуіріне қарағанда көбейді, Совет дәуірінде бөтелкені да қабылдайтын, қағазы да қабылдайтын. Бүгінгі күні өңірлермен келісіп отырып, 20-ден астам жоба қарап жатырмыз. Соның жетеуін белгілеп қойдық, 38 млрд-қа. Бұл істі жалғастырамыз.
Бекзат Аманов, тілші:
- Менің артымда тұрған төбе – тау емес, кәдімгі тұрмыстық қалдықтар. Қазақстандықтар жыл сайын 4,5 млн тоннадан аса қоқыс шығарады. Соның небәрі 25%-і жиналады, сұрыпталады, өңделеді. Ал қалғаны өртеледі, көміледі, болмаса осы кең байтақ даламыздың түкпір-түкпірінде шашылып жатады.
Өңдеу ісінің тұралап қалғаны бұған себеп. Бірақ қоғам арасында қоқысты сұрыптау мәдениеті қалыптасты деп айта алмаймыз.
- Қазақтарда қоқысты сұрыптау деген жоқ ғой, бәрін бір пакетке сала салады. Мен өзім сұрыптаймын. Пластикті пластикке, шыныны шыныға, қалдықты қалдыққа.
- Егер сондай жер болса, «баклашканы» бөлек тастаймыз. (Ондай жер жоқ па?) Көп жерде жоқ ғой.
- Енді кісілердің бәрі бірдей емес қой. Қалай болса, солай лақтырады. Ол дұрыс емес.
- Бәрін бір жерге тастаймыз біз. Сұрыптамаймыз. Өйткені жоқ қой тастайтын жер, білмеймін, бізде бір жәшік тұрады, сол жерге тастаймыз, сұрыпталған жоқ.
Енді көрінген жерге қоқыс тастайтындарға салынатын айыппұл көбейеді. Бұл – Үкімет басшысының тапсырмасы. Әлихан Смайылов әкімдерден заңсыз үйінділерді жыл соңына дейін 2 есе азайтуды талап етті. Өңдеу саласына серпіліс қажет екеніне де тоқталды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Экология министрлігі қалдықтарды бөліп жинауды, оларды утилизациялау мен қайта өңдеуді енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеуі қажет. 1 желтоқсанға дейін еуропалық озық тәжірибені ескере отырып, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс.
Үкімет басшысы шетелдік тәжірибені тыңғылықты зерттеу керектігін айтты. Жаңа зауыттар шағын әрі қуатты болуы керек. Түтін мен иіс шығармайтын технологиялар қолданған жөн. Мұның бәрі – келешектің жоспары емес, биыл орындалуы тиіс тапсырма.
Авторлары: Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев, Марат Диханбаев.