Алматылық ұстаз бүлдіршіндерді домбыраға баулып жүр
Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды өнерсіз сіңіру мүмкін емес.
Бұл – Алматыдағы №185 мектеп ұжымының берік ұстанымы. Білім ордасының «Жезкиік» домбырашылар ансамблі қазір үлкен сахналарға шығып, өнердің қазанында қайнап жүр. Бұл – ансамбль жетекшісі, музыка пәнінің мұғілімі Айгүл Биназарованың арқасы. 32 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз туралы тілшіміз баяндайды.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ үйлесімділік, жылы атмосфера аңғарылады. Қолына қос ішекті домбыра ұстаған бүлдіршіндер үшін мектепте арнайы өнер сыныбы жасақталыпты. Балалардың талабын байқаған Айгүл Әбдіманапқызы домбыра ансамблін құруға бел байлайды. 2 жылда «Жезкиіктің» күйшілері Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» шебер орындайтын дәрежеге жетіпті.
Айгүл Биназарова, №185 мектептің музыка пәнінің мұғалімі:
- Отырар сазы оркестірінің орындауында көрсеттім, естірттім, ол кісінің өмірбаянынан үзінді айтылды. «Әлқисса» деген – негізі ерке қызға арналған күй. Тарихын барлығы біледі. Негізінен күйді үйретер кезде біз мақсатын айтамыз, көрсетеміз, балалар оны түсініп барып қабылдайды. Одан кейін орындайды.
Айгүл Биназарованың домбыраға жақын болуы әкесінен дарыған. Музыкалық мектепте білім алып, Чайковский атындағы музыкалық училищені, одан кейін Тараз мемлекеттік университетін үздік аяқтайды. Кәсіби музыкант бола тұра ұстаздық жолды таңдап, еңбек жолын ауыл мектебінен бастайды. Өнердегі шығармашылығым – алдымдағы шәкірттерім, - дейді ол.
Айгүл Биназарова, №185 мектептің музыка пәнінің мұғалімі:
- Негізінен мен сахнаны қалаған жоқпын, мен тек қана осындай балаларды үйретіп, өнерлі балаларды сахнаға шығарсам деген арманым болды. Міне, арманыма жеттім деп ойлаймын. Ансамбль ғана емес, оркестр шығарсақ деген ойымыз бар.
«Адам өз мамандығын шын көңілімен сүйсе, жұмысы да нәтижелі болады»,-дейді Айгүл Әбдіманапқызы. Оның домбыра үйрету техникасы да өзгеше. Арнайы музыкалық мектеп емес, үйірме болған соң күйді балаларға нотасыз, есту қабілеті арқылы үйретеді. «Болар баланы домбыра ұстасынан-ақ танимын», - дейді өзі. Икемі барға күй үйретпей қоймайды. Қазір «Жезкиік» ансамблінің қоржынында 10-ға тарта күй бар. Балалар «Балбырауынды», «Адайды», «Келіншек» күйін нақышына келтіріп тартады.
Данагүл Кержікеева, №185 мектептің директоры:
- Ең бастысы, балаларымыз өте қызыға қатысады домбыра үйірмесіне, үлкен жауапкершілікпен қатысады. Мектептің басшысы ретінде барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмын. Кішкентай музыканттарымыздан үлкен үміт күтеміз.
Мектепте «Даму бала» бағдарламасы аясында бишілер тобы мен вокал үйірмесі де тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл ретте мектеп басшысы Данагүл Кержикееваның қолдауы ерекше. Өзінің де кәсіби музыкалық білімі бар ұстаз, өнерлі балалар өрісіміз, - дейді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.