Өскемендегі Гемотология орталығының құрылысына биыл қаржы бөлінеді

Өскеменде бірнеше жылдан бері салынып бітпей жатқан Гемотология орталығының құрылысына биыл қаржы бөлінеді.

Осылайша маңызды нысан келер жылы қолданысқа берілмек. Бұл туралы Үкімет Басшысы Әлихан Смайыловтың өңірге сапары барысында мәлім болды. Премьер-министр сонымен қатар аймақтағы метталургиялық кешенді аралап, бөлшек сауда орталығының мүмкіндіктерімен танысты.

Шығыс Қазақстанда күнбағыс майын өндіретін бір емес бірнеше өндіріс орны бар. Сондықтан ішкі нарықты осы өніммен қамтуда алдына жан салмай тұр. Өткен жылы ғана Глубокое ауданында өсімдік майын өндіретін Орталық Азиядағы бірегей мекеме іске қосылды. Мұнда тәулігіне 1400 тонна күнбағыс, 550тонна рапс, 500 тонна соя өңделеді.

Ербол Әбділхақов, Altyn Shyghys ЖШС бас директоры:

- Бұл  жерде Қазақстанда өсетін бес бірдей майлы дақылды өңдеуге мүмкіндік бар. Осылайша егістік алқаптарын кеңейтуге де ықпал етпекпіз. Көп жылғы қуаңшылықта осы күнбағысқа қарай бет бұру керегі айқындалды. Бұл фермерлерге де үлкен қолдау.

Әлихан Смайылов Өскеменнің шетінде салынып жатқан көтерме- бөлшек сауда орталығын да көрді. Бұл нысан құрылысы келер жылы толықтай  аяқталады. 20 мың шаршы метрлік қоймасы бар кешен жеміс-көкөніс бағасын тұрақтандыруға  септігін тигізеді.

Үкімет басышсының өлкеге сапарында денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселе шешім тапты.Өскеменде бірнеше жылдан бері салынып бітпей жатқан еліміздегі жалғыз Гемотология орталығының құрылысына биыл қаражат бөлінетін болды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Келер жылы бұл мекеме қолданысқа берілетін болады. Осындай мақсат қойып отырмыз.Өйткені дәл мұндай  кешенді медициналық нысанның еліміз үшін маңызы зор.

Әлихан Смайылов елімізде түсті металлургияның тізгінін ұстап тұрған Титан Магний комбинатының тынысмен де танысты. Мұнда шығарылатын титан - авиация, әскери теңіз флоты, аэроғарыш , медицина саласында қолданылады. Қазақстандық  өнім – әлемдік нарықтың 11 процентін құрап тұр. Зауыт өнімдері АҚШ, Франция, Үндістан, Корея елдеріне экспортталады. Қазір өнім көлемін арттыруға күш салынып отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин