Жетісу облысында «Алтын-Емел – құландар мекені» фестивалі өтті
Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға еліміздің барлық өңіріндегі табиғи қорықтар мен ұлттық саябақтардың өкілдері шақырылды.
Фестиваль барысында «Құрманғазы» оркестрінің орындауындағы күйлер тыңдалып, қол күрес, кір тасын көтеру, арқан тарту сияқты спорттық жарыстар да өтті.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- «Алтын – Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне» 1982 жылы Барсакелмес аралынан 27 бас құлан алып келген болатын. Міне, бүгінде солардың саны биылғы алынған төлімен санағанда 4 мың басқа жуықтап қалды. Міне, қазір парк қызметкерлері құландарды алдымызға айдап алып келді.
«Алтын-Емелде» қасқыр, түлкі, қарсақ, қар барысы сияқты жыртқыш аңдар да бар. Соған қарамастан мұндағы құландардың табиғи өсімі өте жақсы. Өйткені көне замандардан бүгінге дейін жеткен бұл жануар қасқырдың өзіне оңайшылықпен алғыза қоймайды. Өте төзімді және тез бейімделгіш келеді. 1982 жылы бұл аумақ «Қапшағай» аңшылық шаруашылығының иелігінде болды. 1996 жылы мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылғаннан кейін, мұндағы жан-жануарлар айрықша қорғауға алынды. Соның арқасында құландар көбейіп, қарақұйрықтардың саны 6 мыңға жетті. Үш мыңдай таутеке мен 115 бас арқар бар.
Қуат Байтұрбаев, "Алтын-Емел" МҰТП" бас директоры:
- "Алтын-Емелдің" территориясында визит-центр салынды. Қазақстанға келген туристерге осы жерден информация беріп, көрсетіп, осы жерден шығарып салуға дайындалып жатырмыз біз. Жолдың шетінде міне құландарымыз жатыр. Жол бойында бізде қарақұйрықтар жүгіріп жүреді. Оның бәрін көруге болады. Биыл бізге қзіргі уақытта 16 мыңнан астам турист келді.
Жылдан-жылға саны артып келе жатқан құландар қарақұйрықты жайылымнан ығыстыра бастағандықтан ұлттық табиғи парк қызметкерлері оларды өзге қорықтарға апарып, жерсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Былтыр «Іле-Балқаш» резерватына 60 бас құлан жөнелтілді. «Алтын-Емел – құландар мекені» атты бүгінгі фестивалдің мақсаты – қызыл кітапқа енген жан-жануарларды сақтап, олардың санын көбейтуге адамзаттың, қоғамның назарын аудару.
Қалимолда Ахметбеков, Басши ауылының тұрғыны:
- Құланның бір жақсы қасиеті өзінің қызын үйірінде сақтамайды. Айғырларды да бұлар шығарып жібереді, қан араластырмайды. Мұны зерттеген кезінде Зоология институтының директоры, доктор биологических наук, Бекенов деген кісі болған. Басында біреулер мұны «ой, бұл есекшалыс» деген әңгіме шығарып, сол себепті ол кісі осы жерде жатып, бұны дәлелдеп, баяғы нағыз құланның өзі екенін генетикалық жағынан дәлелдеп берген адам болатын.
Фестиваль барысында спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осы шараға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандардың құрметіне «Құрманғазы» оркестрі өнер көрсетті. Құландардың адам баласына үйрене бастағаны соншалық, дабырлаған дауыстан, қатты қойылған әннен де көп үрке қоймады. Қыр асып келіп, өздерінің құрметіне жиналған әлеуметті сыртынан бақылап, тау ішіне сіңіп кетті. Ал парк аумағындағы қар барыстарының саны бүгінде 13-ке жеткен.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина