Жетісу облысында тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды

Жетісу облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға үй берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ескелді ауданында тамыз айында қатты нөсер салдарынан өзен суы тасып, 22 үй тұруға жарамсыз болып қалған. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, Абай, Ешкөлмес және Кірпіш зауыты елдімекендері бойынша 67 шаңыраққа жөндеу жұмыстары қажет деген шешім шығарды. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 187 миллион теңге бөлінді. Ал 22 отбасыға аудан орталығы Қарабұлақ ауылынан баспана алуға 217 миллион теңге қаралып игерілді. Соның арқасында тұрғындар күн суытпай қоныс тойын жасады.

Әнел Есімханова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Жылап-сықтап, қалай болады деп, қыстың келетіні мынау деп, кәдімгідей алаңдадық отбасымызбен. Үйіміз деген кең, жылы үйіміз. Ауламыз да кең.

Берік Дүйсебаев, Ескелді ауданы әкімінің аппарат жетекшісі:

- Әрқайсысына кеткен шығын, қанша шығын, үйге қандай жөндеу керек, қандай жұмыс жасалу керек, соған байланысты қаражаттар бөлініп, олардың өздерінің шоттарына аударылып, беріліп тастады.