Қарағандыда жақ сүйекке операция сәтті жасалды

Қарағандылық дәрігерлер алғаш рет адамның жақ сүйегіне күрделі операция жасады.

Ісікпен бірге жақтың жартысын сылып алуға тура келген.

25 жастағы Камила Қожантаевға бес күн бұрын, 8 сағаттық операция жасалды. Жансақтауда жатып, кейін палатаға шығып, басын көтергені осы ғана. 7 жыл Қарағандыда медицина мамандығы бойынша тәлім алып, Астанада резидентурада білімін жалғастырған ол ақпан айында жақ тұсының ауырғанын сезген. Арада  6 ай өткенде беті күп боп ісіп кетіпті. 

Камила Қожантаева, емделуші:

- О баста мен тісім ауырып жүр деп ойлағам. Сосын стоматологқа бардым. Кейін рентген жасаған кезде ісік бары анықталды. Мұнан соң мамандарға қаралып, операцияға дайындалдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Енді біртіндеп қалыпқа келу керек.

Негізі бұл операция Қазақстанда жасалмайтын. Тек ресейлік дәрігерлердің қатысуымен, Астанада екі, Алматыда бір операция жасалған. Камилаға шетелге квота бөлінбепті. Бар үміт жергілікті дәрігерлерге артылған. 

Нұрқаси Абатов, Қарағанды медицина университеті клиникасының бас хирургы:

- Бүкіл ауыртпашылықты өзімізге алуға тура келді. Екінші сол шетелдік мамандарды шақырдық. Үш саланың маманы келді. Жақ сүйек хирургы, пластикалық хирург келді, микро хирург келді. Сосын тіс салатын хирургтар. Біздің дәрігерлер де қатысты.  Бұл операцияны негізгі ойымыз алда өзіміз жасау, өйткені қашанғы шетке шығара береді? Біздеде осындай мамандар өсті. 

Науқас келесі  аптада үйіне шығады. Қазір аяқтан алып, жаққа салынған тамырлар қызметін дұрыс атқарып тұр. Ал сүйектер бір ағзаныкі болған соң, сіңіп кетуі тиіс дейді мамандар. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бұрын мұндай операция тек шетелде жасалатын. Салдарынан науқас ұзақ уақыт шетелге барып, қаншама қаражатын жұмсап, айлап-апталап сонда жатуға мәжбүр болатын. Ал енді Қазақстанда жасалып отыр. Елде бұл төртінші операция ал  Қарағанды облысында алғаш рет жасалынып отыр. Хирургтар болашақта шетелдік мамандардың қатысуынсыз –ақ осындай операцияны өздері жасамақ ниетте.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар