Елордада жас құтқарушылар сайысы өтті

Құтқарушылар күніне орай елорда мектептерінің бірінде сұрақ-жауап форматында сайыс өтті.

Ол жерде оқушыларға төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарды, қауіпсіздік ережелеріне қатысты сұрақтар қойылды. Білім алушыларға өрт, басқа да апатты жағдайларда дұрыс әрекет етудің маңыздылығы түсіндірілді.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Төтенше жағдай орын алған кезде қалай қимылдау қажет? Оның алдын-алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? Осы бағытта мектеп оқушыларына әртүрлі сұрақтар қойылып жатыр. Қарапайым қауіпсіздік ережелерінен басталған сұрақтар кезең-кезең сайын күрделене түсуде.

Командалардың тыңғылықты дайындықпен келгені байқалып тұр. Қойылған сұрақтарға жылдам жауап беріп жатыр. Қазылар алқасы да осы саланың мамандарынан жасақталған.

Талғат Каерлинов, Астана қаласы ТЖД Есіл ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Біз бұған дейін мектеп оқушыларына дәрістер өткіздік. Өрт сөндіру бөлімшелеріне шақырып, құтқару жұмыстарын тәжірбие жүзінде көрсеттік . Жарыс қыза түсуде. Оқушылар сұрақтарға жылдам жауап беріп, бас жүлде алуға ұмтылып жатыр. Осы арқылы олардың жадында ақпараттар жақсы сақталады деп ойлаймын.

Оқушылар бір сәтке өздерін нағыз құтқарушы ретінде сезінді. Газдан қорғану құралдарын аз уақыттың ішінде киіп үлгерді. Алғашқы медициналық көмек көрсетуді де ұмыт қалдырмады. 

Инабат Әлібекова, мектеп оқушысы: 

- Осы викторина арқылы мен одан сайын өз білімімді көбейттім. Төтенше жағдайда құтқарушылар ұйымдасқан түрде жұмыстарын атқарады. Осының арқасында зардап шегушілер саны азаяды.

Дарменияр Қыдырбекұлы, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы сәл өзгеше форматта өткізіп жатырмыз. Мына құтқарушылар күніне орай интеллектуалды ойын ретінде өткізіп жатырмыз. Жоғары класстар балаларының арасында. Оқушылардың арасында.

Ұйымдастырушылардың айтуынша жарыс келесі жылы да жалғасын табады. Тек форматында өзгерістер болуы мүмкін. Себебі, оқушыларды қызықтыру үшін түрлі технологияларды қолдану маңызды.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Асхат Қарақойшиев