Шымкентте кәсіпкерлерге негізсіз айыппұл салынған

Шымкентте жыл басынан бері 600 жуық кәсіпкер негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қала прокурорларының араласуымен заңсыз қолданылған 3 мыңнан аса шектеу мен тыйым салу туралы шешімдер бұзылды. Нәтижесінде бизнес өкілдері 217 миллион теңге айыппұл телеуден босатылды. Қадағалаушы орган өкілдерінің мәлімдеуінше көбіне Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері мерзімі өткен істі қайта қарап, жауапқа тартып отырған. Сондай-ақ уәкілетті органдар негізсіз тексерулер тағайындап, кәсіп иелеріне кедергі келтірген.

Айта кету керек, биыл 9 айда 4 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Бақтияр Мұхамеджан, қала прокурорының орынбасары:

- Прокуратураның қадағалау актілері бойынша 101 адам жауапқа тартылды. Мемлекеттік органның өкілдеріне тәртіптік жаза тағайындалса, 7 адам бизнесті негізсіз тексергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.