Өскемен тұрғындарын экологиялық ахуал алаңдата бастады

Өскемендік белсенді, Лев Вартянин қала іргесіндегі тауды үңгіп, жел өткізетін туннель қазу керектігін айтады.

Осылайша, ауада жиналған газ, табиғи жолмен тарап кетеді екен. Әйтпесе, экологиялық ахуал тұрғындарды алаңдата бастады. Қаланы көк түтін, жиі басып қалатын болған.

Эльмира Ахметова, тілші:

Көк түтін басқан шаһардың экологиялық ахуалы тұрғындарды әбден қажытқан сыңайлы. Сондықтан өскемендік азамат облыстың бас экологына ерекше ұсынысын  жеткізді. Айтуынша біз тұрған мына таудың анау Рәміздер  кешенінің бер жағынан бастап бұрғылап, 5 тоннель қазу  керек. Осы арқылы жел дәлізін жасау қажет деп санайды

Лев Вартяниннің ойынша бұл экологиялық мәселені түбегейлі шешіп тастамаса да, жағдайды біршама жеңілдетеді. Өйткені қала бұрынғыдай бес қабатты үйлерден ғана тұрмайды.Зәулім нысан көп.Өндіріс орындары да баршылық. Көлік те көбейді. Ал қала ойпат жерде тұр.

Лев Вартянин, белсенді:

- Әрине әдемі үйлер салып,оларды жарқыратып бояп қою, жолдарды жөндеу бәрі жақсы ғой. Бірақ соның барлығы ең алдымен адамдар үшін жасалып жатыр. Ендеше бұл да осындағы жұрт үшін керек дүние. Өндіріс ошақтары, жылу орталықтары бар. Жел жоқ кезде бәрінен шыққан газ іркіліп тұрып қалады.

Идея авторы бұның өте ауқымды әрі қымбат жоба екенін түсінеді. Тек қана бастапқы ғылыми жобалауына кем дегенде 50 миллион теңге, ал іске асыру үшін миллиардтаған қаржы қажет. Дегенмен ол айырықша ұсынысын бас экологқа да жеткізді. Олар да елең еткен сыңайлы.

Ольга Ельчинская, облыстық Экология департаментінің баспасөз хатшысы:

- Біз ұсынысты айтқан азаматпен әңгімелестік. Өз тарапымыздан кеңесімізді айттық. Алдымен жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, сол жерден өтетін ауа массасының физикалық өлшемдері анықтау керек. Синоптикалық деректер де саралану қажет. Бұл зерттеулер ғылыми негіздемені талап етеді.Осы шаралардан соң ғана техникалық сертификат жасалып, табиғи ресурстар басқармасына беріледі.

Сәулетші Сергей Комлевты да  ұсыныс таң қалдырды. Бірақ оның білуінше, бұл таудың маңайында ауа массасы онсыз да жақсы алмасады. Аңғар мен тау бөктерінен соққан жел екпіні күшті.

Сергей Комлев, архитектор:

- Ертістің сағасындағы ауа массасы орасан. Ұсынылған жоба желдету тиімділігін арттыруы мүмкін. Десек те, тоннельден өтетін желді Ертістің үстімен өтетін желмен салыстыруға да келмейді. Өйткені ондағы табиғи ауа ағыны онсыз да қатты. Ал негізінен идея өте қызықты. Жастардың осындай белсенді болғаны қуантып тұр.

Лев Вартянин ойын ары қарай жетілдіруге ниетті. Енді осы технологиялық әдістің шет елдегі алпауыт мегаполистерде қолданлу тәжірибесін зерттемек.

Айта кетсек, Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланатын күн көп. Көктем мен күзде тіпті артады. Осы қазан айының тең жартысынан астамында тұрғындарға осындай хабарлама таратылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин