Жамбыл облысында ауыл тұрғыны қойды асылдандырумен айналысады

Айтуынша, асыл тұқымды төлден жылына 35 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады.

Ақтоған ауылының тұрғыны бұл кәсіпті 6 жыл бұрын бастаған.

Нұрбек Құлбаев Ақтоған ауылындағы спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы. Деседе малсақ жан, бос уақытында ұсақ малды асылдандырумен айналысады. Ол 6 жыл бұрын жиған ақшасына Қырғызстаннан асыл тұқымды қошқар алған. Бүгінде сол бір бас түліктен 300 төл өргізіпті.

Нұрбек Құлбаев, шаруа:

- Енді бұл кәсіп те бізге алыс емес. Менің өзімнің атам да озат шопан болған кезінде. Соны енді ата кәсіпті ары қарай жалғастырайық деп қазір мына ұлдарымды осы еңбекке баулып келе жатырмын. Ары қарай жалғастырумыз керек.

Ауыл тұрғыны қазір «Арашан» қошқарын көбейтіп отыр. Аталған тұқымның бойы бір метрден асып, салмағы 200 келіге жетеді. Ал тұқым алу үшін алпыстан аса аналық қой ұстайды.  Шаруаның ендігі мақсаты ірі қожалық құру.

Нұрбек Құлбаев, шаруа:

- Мақсат – сойып сату емес, асылдандырумен айналысамыз. Бізден ары қарай сол еркек төлдерін көбейтуге алып кетіп жатады.  Бір жылда 40-50 қозы алсақ оның бәрі мықты болып кетпейді. Бағалары бір екі мың, екі жарым, үш мың долларға сатылып жатады.

Облыста 350 мың бас асыл тұқымды қой өсіріп отырған 425 шаруашылық бар. Ал ірі қараны селекциялаумен айналысатын 71 қожалық тіркелген. Ауыл шаруашылығы басқармасынының мәліметінше оларға жылда мемлекеттен  көмек беріледі.

Нұрсұлтан Ақжолов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Мүйізді ірі қара малы отандық болатын болса – 150 мың теңгеден. Еуропа елдерінен сатып алатын болса – 300 мың теңгеден. Отандық асыл тұқымды қой болатын болса оған 15 мың теңгеден субсидия қарастырылған. Және де басқа мемлекеттерден сатып алатын болса 30 мың теңге мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған.

Бүгінде облыста қой саны 3 жарым миллион басқа жуықтайды. Ал мал шаруашылығын қолдау үшін биыл республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінді. Аймақта 2600 шаруашылық осы көмек қаржыға қол жеткізді. Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев