Өскеменде 180 орындық жаңа балабақша жабылып қалуы мүмкін
Өскеменнің жаңа шағын ауданындағы 180 орындық балабақша жабылуы мүмкін.
Санитарлық дәрігерлер осындай шешім шығарды. Балабақшаға жақын маңдағы үй тұрғындары шағым жазған. Одан бөлек, құжаттарында шикілік анықталды. Балабақша типтік емес ғимаратта орналасқан. Бұл мәселеге ата-аналар алаңдап отыр. Себебі, бұл ауданда мектепке дейінгі білім беретін басқа мекеме жоқ. Барлығы қашықта орналасқан. Қазір бұл іске заңгерлер мен сәулеттік бақылау саласының мамандары тартылды. Балабақша иесіне жобалық қателіктерді жоюға бір ай уақыт берілді.
Айнұр Нұрғалиева, қала тұрғыны:
- Өзім көп балалы анамын. Бұрын алыста орналасқан балабақшаға барып жүрдік. Үш баламен қоғамдық көлікпен қатынау қиын. Осы балабақша үйдің жанында ғой. Жабылмаса екен.
Самат Қайырдинов, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекциясының бөлім жетекшісі:
- Бұл мекеменің әлеуметтік маңызы зор. Сондықтан пайдалануға рұқсат берілді. Бұған дейін заңбұзушылықтар болды. Енді олардың жойылуын бақылауға аламыз, яғни, нысанның меншік иелері қажетті құжаттарды рәсімдеу керек.