Сыр өңірінде мерекеге тарту толастар емес. LIVE
Қызылорда өңірінде де Республика күні барша сән-салтанатымен атап өтіліп жатыр.
Ұлық мерекеде Жаңақорған ауданында 50 отбасы баспаналы болса, Қармақшыда құс фабрикасы өз жұмысын бастады. Ал облыс орталығы іргесіндегі Қарауылтөбе ауылында мәдени клуб пайдалануға берілді. Думанды шаралардың бел ортасында жүрген тілшіміз Қамбар Бекенов сырбойылықтардың мерекеге тағы қандай тарту жасағаны жөнінде айтып береді.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Рақмет. Иә, Республика күнінде аймақ бойынша бірнеше әлеуметтік-өндірістік нысандар пайдалануға берілді. Ал дәл қазір Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Республика күніне арналған салтанатты шара өтіп жатыр.
Мерекелік жиында сан сала бойынша Сыр өңірінің дамуына үлес қосқан азаматтарға үкіметтік және облыстық деңгейдегі құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Президент қолынан кеше ғана «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған күрішші диқанның бейнетке толы бірақ жемісті жолы көпшілікке үлгі ретінде таныстырылды. Қызылордалықтар оған дейін құрмет қарауылы сап түзеген рәміздер алаңында Ту көтеру рәсіміне қатысқан болатын. Шарада патриоттық әндер шырқалып, егемендік декларациясының мән-маңызы жөнінде айтылды.
Ұлық мерекеде өңірде салынатын жайлы мектептердің ең алғашқысының іргетасы қаланды. Сырдарияның сол жағалауында орналасқан нысанда 900 бала білім нәрімен сусындайтын болады. Жалпы өңірде бой көтеретін 21 жайлы мектептер 3 жылда ел игілігіне беріліп, 15 мыңдай оқушыны қамтуы тиіс. Республика күні қарсаңында сондай-ақ жаңа жылу электр орталығының да құрылысы бастау алды. Жылына 240 мегаватт электр энергиясын өндіретін кәсіпорын облысты жылумен қатар толық қуат көзімен қамтуға қауқарлы болмақ.
Мерекеге тартулар мұнымен бітпейді. Күні ертең жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі мен Қызылжарма каналы ар жағындағы тұрғындардың қалаға қатынауын жақсартатын көпір пайдалануға беріледі.