Түркістан облысындағы Қарақұм ауылына да газ жетті
Қарақұм ауылына да газ жетті. Енді Түркістан облысындағы бұл елді мекенде 600 отбасы көгілдір отынның қызығын көреді.
Газ құбыры тартылып, іске қосылды. Жылдар бойы от жағып, күл шығарып келген жұрт қолымызды жылы суға малып отыратын болдық деп мәз.
Қарақұмда 3 мыңға жуық адам тұрады. Олар көгілдір отынды көптен күткен. 40 жыл бойы осы ауылда тұратын Бақыткүл Алпамысова қыс келсе жылда 5 тонна көмір жағады. «Күн салқындаған сайын қатты отынның бағасы да аспандап кетеді. Енді пеш жағудың машақатынан біржола құтылатын болдық», деп отыр.
Бақытгүл Алпамысова, Қарақұм ауылының тұрғыны:
- Енді-енді газ кіріп, әр үйге трубаларын кіргізіп қойды. Енді біз пешін алсақ, плитаға қажетті затын кіргізгенбіз. Соның бәрі қосылған соң қосып береміз деп отыр. Үйіңде пештің үстінде шәйің қайнап, шыжылдап тұрса, шәйнектің дауысын естісең қандай рақат, үйіңе береке кіреді.
Ауылға газ жеткізу жұмыстары былтыр басталған. 24 шақырым құбыр тартылып, көгілдір отынға 600 абонент қосылды. Жоба құны 479 млн теңге. Қуанышқа кенелген ауыл ақсақалдары табиғи газдың алауын жақты.
Жалпы Ордабасы ауданында 57 елді мекен бар. Соның 9-да көгілдір отын бар. Қазір 25 елді мекенде газ жүйесінің құрылыс жұмыстары қызып тұр.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:
- Сол 25 елді мекеннің бірі – осы Қарақұм елді мекеніндегі газ. Осыдан кейін 5 елді мекен бар Төрткүл ауылдық округінде. Кезең-кезеңімен ол ауылдарды да қосатын боламыз. Сондықтан бүгін қуанышты күн. Алдымызда «қылышын сүйретіп қыс келіп қалды» дейміз ғой. Соған орай өздеріңізге осы газды ашып, бүгін пайдалануға берсек деп жоспарлап отырмыз.
Мамандар жыл соңына дейін 17 елді мекендегі құрылыс жұмыстары аяқталып, газға қосылатынын айтады. Осылайша ауылдарды газбен қамту көрсеткіші 47 пайызға жетеді. Ал қалған 8 ауылдағы жұмыс келер жылға қалды. Жалпы биыл Түркістан облысында 57 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Сөйтіп, өңірдегі табиғи отын тұтынушылар көрсеткіші 78 пайыз болады деп жоспарланған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов