Өскеменде көне көпір жөндеуге жабылды
Өскеменде Үлбі өзеніндегі бір көпірдің тіреуін су шайып кеткендіктен жабуға тура келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Салдарынан қаланың өнеркәсіптік аумағына жету қиындай түсті. Сол маңдағы зауыттарда жұмыс істейтін тұрғындар айналма жолмен қатынауға мәжбүр.
Дегенмен қала басшылығы гидроқұрылғыны қалыпқа келтірудің қамына кірісті.
Өскеменде өткен апта жауын үзілмеді. Үлбінің суы бірден 75 см-ге көтерілді. Бұл шектік мөлшерден аспаса де, ескі көпірдің тіреуі шыдас бермеді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Үлбінің үстімен өтетін 5-6 көпір бар. Барлығының да көлік қозғалысы үшін орны бөлек. Ал тіреуін су шайған мына гидроқұрылғының 70 жылдық тарихы бар. Арғы жағада ірілі-ұсақты бірнеше зауыт тұр. Ондағы жұмысшылардың барлығы осы көпір арқылы өтеді. Енді, мінеки, бір аптадан асты, жұмысшылар ол жаққа тек айналма жолмен ғана жетіп жүр.
Көлік қозғалысы, бағдаршамдар бағыты бірден өзгертілді. Жанама жолдарда транспорт ағыны артты.
Сергей Коваленко, қалалық полиция басқармасы жол техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы:
- Мына жердегі өзге көпірлерден бөлек, орталық даңғыл, Абай көшесі көлікке лық толды. Кешқұрым кептеліс болады. Соны азайту үшін бағдаршам уақытын қайта қарастырдық, кейде тіпті қозғалысты қолмен реттеуге мәжбүр болып жүрміз.
Өскеменнің көшелерімен тәулігіне 60-65 мың көлік жүретін болса, соның 7-8 мыңы осы көпірмен өтеді екен. Биыл 20 миллион теңге бөлініп, жол жабыны жөнделді. Алайда тіреуштердің тозғаны белгілі болды. Автосарапшы Евгений Черныш бірнеше жылдан бері шаһардың жол желісін зерттеумен айнылысып жүр. Айтуынша, жаңа жолайырық, мықты көпір салатын уақыт жетті.
Евгений Черныш, сарапшы:
- Халық саны өсіп келеді, жаңа ықшам аудандар да көп салынып жатыр. Көлік те көбейіп кеткен. Бірақ қаладағы жол желісінде өзгеріс аз. Бұрынғы мәліметтерге сай қалпынан өзгермеген.
Қазір көпір салатын мамандар жиналып, тіреушті қалыпқа келтірудің жолын іздеп жатыр. Қаржы көлемі де жақында анықталады.
Әлібек Тұрсымбетов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Қазіргі кезде, арнайы мамандармен, көпір саласының мамандарымен талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бірнеше күн ішінде оның шешімі толықтай белгілі болады. Жаңағы жұмыстың көлемі, қаражаты және қай уақытта көліктер қозғалысы қайтадан жұмысқа келетіндігі туралы.
Алдымен геодезиялық зерттеу жүргізіліп, ғарыштық фототүсірілімдер жасалады. Содан кейін ғана оны жөндеу жолдары нақты белгілі болады, - дейді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.