Петропавлда ертеңнен бастап техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланады

Оған облыс орталығындағы кәріз коллекторының тозуы себеп.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша кеше Жуков және Нұрсұлтан Назарбаев көшелерінің қиылысында диаметрі 800 миллиметр болатын құбыр зақымданған. Кәріз жүйесі 1956 жылы пайдалануға берілген. Аталған коллектор 19-шы, 20-шы шағын аудандардан, Жұмысшы кентінен және Береке мен Вокзал ауданынан ағынды суларды жинайды. Ертеңнен бастап мамандар оның 700 метрін жаңартатын болады.

Біржан Көшербаев, қала әкімінің орынбасары:

- Коллектор әбден ескірген. Соңғы кездері жиі зақымданады. Оның толық істен шығуын болдырмау үшін шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет.  Сол себепті біз осындай шешім қабылдап отырмыз. Қазір тиісті құжаттар нормативтік құқықтық актілер порталына енгізілді. Бастысы алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл мәселе жергілікті биліктің жіті бақылауында.