Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш қабылдау аяқталды

Биыл өңірдегі 458 адамға 3,2 млрд теңге жеңілдетілген несие беру жоспарланған еді. 

Бүгінде үміткерлердің тең жартысы 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізді. Өз ісін бастағандардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар.

Сағадат Қабаш шалғайдағы шаруашылықта бақташы болып жұмыс істейтін. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан оған 3 млн теңгеден астам несие берілді. Оған 70 бас қой және жем-шөп сатып алды. Енді ол өзгенің емес өз малын бағады. 

Сағадат Қабаш, Б. Сырттанов ауылының тұрғыны: 

- Біреудің қолына қарамаймын. Өз еркім өзімде. Бағатын уағында бағып келем. Қамайтын уағында қамаймын. Ешкімнің қабағына қарамаймын. Айналып келіп еркіндікке тақайды екен бұл бағдарлама.

Көп балалы отбасы 2010 жылы елге келген. Сол кезде алған баспанасын мал шаруашылығын бастау үшін кепілге қойды. Мұндай тәуекелге мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізген соң ғана барған.

Күлшан Мүптиқалан, Б. Сырттанов ауылының тұрғыны:

- Бұның тиімділігі сол пайызы төмен. 2,5 пайыз. Екі жыл алынбайды. 5 жылдан кейін бөліп бөліп бес пайызбен төлейміз. Бұны сол көбейтіп, игіліктеніп бала шағаны оқытамыз.

Ақсу ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 80 жоба жүзеге асып жатыр. Ал облыс бойынша 458 адамға 2,5 пайыздық үстемемен несие беру көзделген. Үміткерлердің көптігіне байланысты қаражат көлемін арттыру жоспарланып отыр.

Жанар Тұрысжанқызы, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жетісу облысы бойынша «Ауыл аманаты» өзінің тиімділігін растап отыр. Биылғы жылға 3,2 млрд теңгеге заявка түсті. Келесі жылға 5,4 млрд теңгеге өтінім беріліп отыр. Ауыл тұрғындары осы бағдарламаның тиімділін түсінді. Өтінім берушілер өте көп.

Сала қызметкерлерінің айтуынша келесі жылы жобаның талаптарына өзгеріс енгізілуі мүмкін. Негізінен өнім өңдеу бағыты қаржыландырылып, шағын кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілмек.     

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов