Атырау қаласында 3 балабақша пайдалануға берілді
Бүгін Атырау қаласында 3 балабақша пайдалануға берілді.
Әрқайсысы 290 балаға арналған ғимараттар осы заманғы ең озық технологиямен жабдықталған. Осылайша 900-ге тарта бүлдіршін енді алаңсыз мектепке дейінгі тәрбие алатын болды. Жалпы, облыс бойынша жылдың аяғына дейін тағы 6 балабақшаның құрылысы аяқталады.
20 мыңға тарта тұрғыны бар «Береке» ықшам ауданы жыл санап өсіп келеді. Негізінен жас отбасылар қоныстанған ауданда балабақша мәселесі өте өзекті болатын. Бүгін бүлдіршіндер де, ата-аналар да үлкен қуанышқа кенелді. Жаңа ғимараттың ашылуында облыс басшысы Серік Шәпкенов бүлдіршіндерді жаңа мекендерімен құттықтап, тәрбиешілерге толайым табыс тіледі. Осындай балабақшалар бүгін «Нұрсая» ықшам ауданындада пайдалануға берілді.
Алтыншаш Құрмашева, қала тұрғыны:
- Өзім үш баланың анасымен. Соның екеуінінің біз тұратын «Нұрсая» ықшам ауданынан ашылып жатқанына біз ата-ана ретінде өте қуаныштымыз. Бүгін ашылып жатқан балабақша маған ұнады. Ішінің барлығы жап-жарық, жылы, балаларға ыңғайлы форматта заманауи үлгіде жасақталған.
700 мыңға тарта тұрғыны бар облыс үшін балабақша мәселесі әлі де күрделі Бүгінде 17 мыңнан астам бала кезекте тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жергілікті билік биылғы жылдың аяғына дейін 2600 бүлдіршінді балабақшамен қамтуды жоспарлап отыр.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы тапсырма беріп, еліміздің түкпір-түкпірінде балаларға жағдай жасау, тисті деңгейде тәлім-тәрибе алуына, білімін алуына осындай балабақшаларымыз бен мектептеріміз салынып келеді. Бала деген біздің болашағымыз. Ертеңгі қоғам осы біздің бүлдіршіндерімізден басталады.
Алдағы бес жылда Атырауда 40-қа тарта балабақша салынуы тіис. Оның 5-нің құрылысы басталды. Осылайша 2027 жылға қарай облыста балабақша мәселесі түбегейлі шешіледі.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин