Елде 17 мың адам қызылша жұқтырды
Қызылша еліміздің барлық өңірінде дендеп барады.
Аурудың Шымкентте ең көп тарағаны байқалып отыр. Онда 3 мыңнан аса адам қызылшаға шалдықты, Алматы қаласында 2600, Жамбыл облысында 2300 жағдай анықталды. Сырқаттану қыркүйек айында күрт өсті. Ал қарашада тіптен ушығып, 6 мыңнан астам науқас тіркелді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жағдайды осылай деп баянады. Үкімет басшысы бұл мәселеге қатысты арнайы тапсырма берді.
Атырау облысында биыл қызылша жұқтырғандар саны 2300 адамға таяды. Дәрігерлер аймақта бұған дейін мұндай көп жағдай тіркелмеген, - дейді. Күрделі ахуалға қарсы шара ретінде 20 мың доза вакцина әкелінді. Осы аптаның соңына дейін қызылша, қызамық, паротитке қарсы екпеге қосымша 19 мың доза жеткізіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары емдеу мекемелерінде жаппай имммундау жүріп жатқанын айтты.
Айжұлдыз Айтқалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
- Республикалық бюджет есебінен де қызылшаға қарсы вакцина жеткізілуі керек. 47100 доза жоспарланып отыр. Біздер барлық қалалық, аудандық медициналық ұйымдарға тарату жұмыстарын жүргізіп, бүгіннен бастап қосымша жаппай иммундауды жүргізіп жатырмыз. Күніне 600 адамды қамтуды жоспарлап отырмыз.
Атырау облысындағы жағдай елдің барлық өңіріндегі ахуалға ұқсас. Аймақтарда 2 жарым мыңға жуық бала стационарлық ем қабылдауда. 30 бала реанимация бөліміне жатқызылған. Оның 15-і жасқа толмаған бөбек. Инфекциялық ауруханаларда 3 жарым мың төсек орны болса, тағы 1100 орын резервте тұр. Ал жыл басынан бері елде 17 мың адам қызылша жұқтырса, солардың 82%-ы бала. Жұқпалы дертке шалдыққан жеткіншектердің 83%-ы вакцина алмаған. 60% жағдайда ата-аналар екпе салғызудан бас тартқаны белгілі.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында келесі шаралар қабылдануда: Біріншіден: жоспарлы иммундаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды, бұл 1 жас және 6 жастағы балалардың 84%-ын құрайды // Халықтың белсенділігі мен вакцинацияның пайдасына таңдау біздің балаларымыздың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді.
Қосымша 1 жарым млн. доза вакцина сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 100 мың бала қызылшаға қарсы екпе алуы қажет. Сонда желтоқсан айының ортасына қарай сырқаттану деңгейін азайтуға мүмкіндік бар.
Премьер-министр аурудың таралуын тоқтату керек, - деді. Қызылша асқынса, балалардың денсаулығына қауіп төнетінін айтты. Бірақ ол үшін тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып дертпен күресу керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бала денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Вакцина алудан басқа, мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес. Сондықтан, екпе алуды күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.
Вакциналаудың маңыздылығын Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін де бірнеше рет ескертті. Десе де, ахуалдың күрт нашарлауына дәл осы екпенің қажетті көлемде жасалмауы,, әсіресе,, ерте жастағы балалардың қызылшаға қарсы вакцинасыз қалуы себеп. Ал елде екпе егу ерікті түрде жасалады. Дәрігерлердің өзге қадамға пәрмені жоқ.