Қ. Тоқаев кәсіпкерлермен кездесті
Мемлекет басшысының Ақтөбеге сапары барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқаны таныстырылды.
Бұл бағдарлама басталғалы бері өңірде 1 471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Оған 77 шағын жылыжай, 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған. Бүгін мемлекет басшысы осы бағдарлама аясында іске асырылған жобалардың және аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, мыңнан астам адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламаның тиімділігін атап өтіп, оның аясында кәсіпкерлерге қолдаудың үзілмейтінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Ауыл аманаты» деген бағдарламасы жақсы болып шықты. Өте тиімді екен. Сондықтан, бұл бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін біз барлық қолдауымызды көрсетеміз. Бұл бағдарламаға, жалпы бизнеске әсіресе шағын, орта бизнеске.
Тайбек Аманжолұлы, Шалқар ауданының тұрғыны:
- Екі қолым жоқтығына қарамастан, халқыма қызмет етейін деп құс шаруашылығын ашып, Ауыл аманаты бағдарламасымен несие алып, Шалқар аудандарының тұрғындарын құс етімен қамтамасыз етіп отырмын. Сізге елге ерекше қамқорлық жасағаныңыз үшін Шалқар ауданы тұрғындарының атынан сізге ризашылығымды білдіремін.