Орал-Ақтау пойызы алғашқы рейсін жасады

Маңғыстау мен Батыс Қазақстан арасында теміржол арқылы жолаушылар қатынасы пайда болды.

Бүгін Орал-Ақтау пойызы алғашқы рейсін жасап, Оралға оралды. Бұрын мұнайлы өлкеге жету үшін оралдықтар мың жарым шақырымды автокөлікпен басып өтетін немесе Ақтөбеден басқа пойызға отыруға мәжбүр еді. Әуе қатынасы бірде болса, бірде болмайды. Енді теңіз жағасында қыдырамын, әулиелердің басына тәу етемін деген туристерге тамаша мүмкіндік пайда болды. Жаңа пойыз жұп күндері жолға шығады. Оралдан Ақтауға 35 сағатта жетеді. Қазірдің өзінде пойызға сұраныс жоғары көрінеді. «Жолаушылар сыймағандықтан Оралдан қосымша вагон тіркейміз», - дейді мамандар.

Думан Қарағойшин, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Орал учаскесінің бастығы:

- Орал-Бейнеу шыққанына екі жыл болды. Қазір соны жаңа кесте бойынша Маңғышлаққа дейін ұзарттық. 8 вагон халықтың сұранысы бойынша 12-13 вагонға дейін қоса аламыз жаз мезгілінде. Енді ол жолаушылардың сұранысы бойынша. Билет болмайтын болса, вагонды қоса береміз.

Сағидолла Даулиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Бұл пойыздың ашылуы өте жақсы болды. Халыққа да ыңғайлы, қолайлы болды. Тенгизде жұмыс жасап жатқан вахтовиктерге де қолайлы. Бұрын таксимен жүріп жүрдік. Көлікпен жол апатынан қорқамыз. Қазір енді пойызбен қауіпсіз.