Ұлытау облысында 6 емдеу мекемесі қолданысқа беріледі
2025 жылдың соңына дейін Ұлытау облысында ауылдық және аудандық медицина нысандары толық жаңарады.
Қазір мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бірнеше мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі – Ұлытау селосындағы аудандық аурухана. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қолға алынған жоба келер жылы пайдалануға беріледі.
Ұлытау аудандық аурухананың құрылысы қыркүйек айында басталған. Қазір мұнда 60 адам еңбек етеді. Ғимараттың қабырғалары жақын арада қаланып бітеді. Төбесі жабылса, одан әрі ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеміз, - дейді мердігер.
Жұмаш Баймұратов, Ұлытау аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Бұл негізі – осы аудан төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету. Бірінші, көмек, сосын екінші деңгейдегі көмектер. Осы көмектер үшін типтік үлгідегі жаңа аурухананың құрылысы келесі жылдың аяғында пайдалануға берілу керек. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Ойдағыдай. Материалдары, адам күші бар.
Аурухана 5 блоктан тұрады. Күніне 10 адам қабылдай алады. Ал күндізгі стационары 20 орынға шақталған.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Қазір қолданыстағы ғимарат 2000 жылы пайдалануға берілген. Басында балабақша типінде салынғандықтан, санитарлық талаптарға толық сәйкес келмейді. Ал бірнеше блоктан тұратын жаңа ауруханада барлығы соңғы үлгіде болады. 500 млн теңгеге заманауи медициналық құралдар сатып алынады.
Жалпы облыс бойынша жыл соңына дейін 5 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт және Жаңаарқа ауданында емхана пайдалануға беріледі. Ал келер жылы «Ауыл – ел бесігі» және өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы арқылы 15 елді мекенде түрлі деңгейде медициналық нысандар бой көтереді.
Еркебұлан Бейсембаев, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жаңаарқа мен Ұлытау ауданына 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік пункт және де 5 медпункт құрылысы осы 2024 жылы басталады.
Бұдан бөлек, жергілікті қазына есебінен Жезді кентіндегі аурухана да жаңа кейіпке енеді. Сонымен қатар өңірдегі кіші медицина қызметкерлерін даярлайтын Жезқазған медициналық колледжі толық жөндеуден өтеді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.