Әлеуметтік қызметкерлерге сұраныс артты

Шымкентте мыңға жуық азамат үй жағдайында әлеуметтік қызмет түрін пайдаланады, деп хабарлайды 24KZ.

Оларға арнайы күтушілер бекітілген. Мамандар зейнет жасындағы жалғызілікті қарттарға қарайласып, психологиялық кеңес ұсынады. Сондай-ақ үй жинасып, дәрі-дәрмегін береді.

Эльмира Әлиева 17 жылдан бері қамкөңіл жандарға қарайласып келеді. Жалғызілікті қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жүйке жүйесі сыр берген сырқаттардың үйіне арнайы барып, түрлі қызмет ұсынады.

Кеңжүректі еңбек адамы бір мезетте педагог пен дәрігердің, заңгер мен психологтың да қызметін атқарады. Сондай-ақ үйін жинап, кір жаюға көмектеседі. Дүкеннен қажетті азық-түлігін әкеліп, дәрі-дәрмегін береді. Қамқорлығындағы қарияларға ата-анасындай қарауға тырысатынын айтады. Себебі мұқтаж жандардың көңілін табу үлкен жауапкершілік деп есептейді.

Эльмира Әлиева, әлеуметтік қызметкер:

- Бұл жұмысты да істеу оңай емес. Әр адамның көңілін табу. Өйткені көбі – үлкен кісілер. Бұлар өзі нәзік жандар сияқты. Бұлармен отырып сөйлесу керек. Бізде көбінесе жалғыз бастылар ғой. Біз енді тырысамыз. Солардың сөзін табуға. Өйткені біздің жұмысымыз ғой. 

Эльмира Әлиева 8 азаматқа әлеуметтік қызмет көрсетеді. Оның бесеуі – тыл ардегері. Сондай-ақ жалғызілікті 2 зейнеткер мен бірінші топтағы мүгедекке де қамқорлық танытып келеді. Әрқайсысының үйіне аптасына 2 рет барады.

Виктор Мурчич, тыл ардагері:

- Бұл – мемлекеттің қарттарға, зейнеткерлерге деген үлкен қамқорлығы. Біз әлеуметтік күтушілерімізге бауыр басып, туғанымыздай сенім артып кеттік. Себебі олар өз отбасын ғана емес, біз үшін де алаңдап, көмек қолын созып келеді. Сондықтан үлкен мамандықтың иелеріне алғысымды білдіремін.

Осылайша, қамкөңіл қариялар арасында әлеуметтік қызметкерлерге деген сұраныс артты. Былтыр 500-ден аса азамат үйде көрсетілетін күтушілердің көмегіне жүгінсе, биыл олардың саны екі есе өсті. Сондықтан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі заңнамаға ұсыныс әзірлеп, сала мамандарына арнайы мәртебе беруді қарастырып жатыр.

Көпжан Тұрлыбек, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

- Әлеуметтік статус қабылданған соң олардың біліктілік талаптары күшейеді. Оларды жоғары деңгейде оқыту қарастырылады министрлікпен. Көп жағдайлары жақсарады. Себебі осы әлеуметтік қызметкерлерге мұқтаж азаматтарға қарап отырған ұлы жұмыс болғаннан кейін қызметкерлердің статусы болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Жалпы Шымкентте көмекке мұқтаж жандардың көңілін жайландырып, көмек беру үшін 200-ге тарта әлеуметтік күтуші еңбек етеді. Үлкен жауапкершілікті жұмыс мейірімді және кең жүректі азаматтарға сеніп тапсырылған. Одан бөлек шаһардағы 12 арнаулы орталықта мыңға тарта маман бар. Олар зейнеткерлерді белсенді өмірге бейімдеп, жанұя бақытын сақтауға көмектеседі. Денсаулығын оңалтып, салауатты өмір салтына шақырады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.