Шымкентте жаңа гүлзар құрылысы аяқталды
Айналасына кәсіпкерлердің демеушілігімен абаттандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды 24KZ.
Емен, үйеңкі тұқымдас 100-ге тарта көшет егіліп, 200 шаршы метр жерге жасанды көгал төселді. Балалар үшін ойын алаңы салынып, орындықтар мен жарық шамдар орнатылды. Бұған дейін аталған жер телімі кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылған. Салдарынан көпқабатты үйге бірнеше нысан жанастырып салынып кеткен. Жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін әкімдік қаланың жоспарлау жобасын қайта қарады. Тексеру кезінде Түркістан мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше қиылысында бұған дейін гүлзар болғаны анықталды. Кәсіпкерге өзге жер телімі беріліп, шығыны толық өтелді.
Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі:
- 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. 30 соттық жерді мемлекет мұқтаждығына алды. Ол жердегі ғимараттардың бәрі, жұмыс істеп тұрған бизнес – бәрінің шығындары есептелді. Тұрғындар, өздеріңіз білесіздер, 20 жылдан астам уақыт өтініш білдіріп келді. Түрлі құзырлы органдарға жазып, қала әкімінің келуімен осындай саябақ пайда болып, қысқа 25 күннің ішінде соғылып бітті.
Гүлдана Жолыбекова, қала тұрғыны:
- Бармаған жеріміз жоқ. Қанша әкім ауысып, қанша әкім кетіп жатыр ғой, сөздің шыны керек. Әйтеуір барамыз, келеміз. Міне, қорытындысы шықты ғой, жаным-ау. Жақсы болды бізге. Біздің әйнектен қарасаң, мына жаққа өте тамаша боп тұр.