Астана жасыл қалаға айнала ма?
Қараша айында елордаданың да ластану деңгейі жоғары болған.
Атмосфералық ауаның жай-күйін бақылайтын бекеттерден алынған мәліметтер осыны көрсетті. Дәлірек айтқанда, ауадағы күкірт сутегінің мөлшері қалыпты шамадан асқан. Қалада осындай 10 бекет бар, олар ауа құрамындағы 25 түрлі зиянды бөлшектің деңгейін анықтайды, мәселен: шаң, қалқыма бөлшектер, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, аммиак, бензапирен секілді химиялық элементтер. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – жылу орталықтарында, жер үйлерде жағылатын көмірдің және көліктің түтіні. Ал өткен аптаның соңында елордамен қатар Алматы, Жезқазған, Балқаш, Атырау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай тіркелді. Экология жанашырлары қатты отын қолдануды азайтпайынша, қаланы әсіресе желсіз күндері тұмшалаған көк түтіннен арылту оңай болмайтынын айтады.
Дәулет Асанов, экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:
-Астана қаласында негізгі ластаушы заттарды шығару көздері – екі ТЭЦ. Екіншісі Қазақстандағы ең ірі ТЭЦ-тардың біріне жатады. Әрине, ауаның ластануын азайту үшін осы ТЭЦ-тармен жұмыс жасау керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған бағдарлама Астананың ТЭЦ-тарын газға ауыстыру болатын. Бірақ ол жұмыс өте асықпай жасалып жатыр. Одан кейін қаланың маңайында жер телімдерін адамдарға кесіп-кесіп бере берген. Оған инфраструктура тартпайды. Егер адамдарға жеке үй салуға учаскелер беріліп жатса, онда сол жерге жылу көзі де тартылып беру керек. Әйтпесе сол адамдарда басқа жылу көзіне қосылатын пеш жаққаннан басқа мүмкіндік жоқ.
БЛИЦ:
-Астанадағы ауаның сапасына көңіліңіз тола ма?
-Сапасы жақсы, бірақ кейде жел тоқтаған кезде түтін қаптап кететіні болмаса и көліктің көптігінен кейде бір болып тұрады.
-Бұл жер Теміртаудың ауасына қарағанда таза, осы жақтың ауасы өзіме ұнайды. Теміртауда көк түтінді жұтып жүрдік қой.
-Негізі сол үйде пеш жағатындар, қаланың сыртында заводтардың иістері болады.
-ТЭЦ-тар бір, екіншіден, бізде не көп, автокөлік көп. Бір үйде неше баласы бар, сондай автокөлік бар, олардың түтіндері қайда кетеді?
Мамандар былтырғы 9 айда елордада 100 мың тоннаға дейін зиянды шығарындылар тарағанын жеткізді. Оның 40 пайызы – автокөліктерден шығатын улы газ, 24 пайызы энергия нысандарына тиесілі болса, тағы 12 пайызы – ауаға зиянды қалдық шығаратын өзге нысандар. Қазір Астана қаласын газдандыру жобасы қарқын алған. Бұл ауаның ластану көрсеткішін азайтуға сеп болмақ. Бұдан бөлек көліктерді газ немесе электр қуатына көшіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жанболат Қайранбеков, қалалық экология департаментінің бас инспекторы:
-Частный сектор бойынша осы Астана қаласында былтырғы есеп бойынша 35 мың тұрғын үйлер болатын. Оның 20 пайыздан артығы қазіргі уақытта газға көшіп, ауаға шығаратын зиянды заттарды азайтады деп болжап отырмыз.