Интернет алаяқтар көбейді

17,5 млрд теңге. Өткен жылы интернет алаяқтар айдың күннің аманында азматтардың осынша ақшасын үптеп кеткен.

Заманауи ұрылардың дені шетелдіктер. Оларға шекара да шектеу болмай тұр. Әлеуметтік желінің арғы бетінде отырып-ақ әмірін жүргізеді. Айт деген ақпаратын айтамыз, бас деген батырмасын басымыз. Қысқасы өзімізді тонауға рұқсат береміз. Ықтыярлықпен жасалғаннан кейін виртуалды ұрылардың жолын кесу мүмкін болмай тұр.

Абай Болатұлы, ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сарапшысы:

- Кибер алаяқтардың ең басты белгісі сіздің жеке деректеріңізді сұрайды. Мысалы кез келген банк қызметкері  немесе ресми ұйымдар ешқашан сіздің жеке деректеріңізді сұрамайды. Олар жеке құжатпен бірге жұмыс істейді. Тіпті бір төлем келді, осы смс хабарламамен келген кодты айтып жіберіңіз десе, ол белгілі нәрсе кибер алаяқтықпен айналысады.

Халық алаяқтарға көбіне қандай жағдайға алданады? Елде жалған тауар сатқандар мен алдын ала төлем талап етіп, қаржыны қолды қылғандар саны 7 мыңнан асты. Ал 2,5 мың алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, арам пиғылын іске асырған. Өзгенің атынан онлайн қарыз рәсімдейтіндер де тиылмай тұр. Олардың саны 2 мыңға жетті.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Мынау әзірге менің телефоным. "Әзірге" деуімнің себебі бар. Өзге біреулер өз мақсатына да пайдаланып кетуі мүмкін, мұны. Интернет алаяқтар  дәл осы сіздің телефоныңыздағы мәліметтер арқылы, өз ақшаңызды өзіңіздің телефоннан алады. Мұндайда кибер гигиена керек. Әйтпесе қауіпті қалтаңызға салып жүрсіз.

10 қауіптің тоғызы телефоннан туындайды. Интернет алаяқтардың негізгі құралы да осы. Жалған қоңырау шалып, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай баяндайды. Айтқанына иланғандар, ығына жығылып, дегенімен жүреді. Мәселен өткен жылы алаяқтардың 43 млн қоңырауы анықталған. Мұның көбі өзге мемлекеттерден шалыныпты. Соңғы екі айдың өзінде 278 мың  шетелдік қоңырау анықталып, бұғатталды.

Аружан, Астана қаласының тұрғыны:

- Бірде мен бағалы тонымды сататын болып, олх-ке хабарлама бердім. сол хабарлама арқылы маған сатып алушылар хабарласа бастады. Солардың бірі өзінің басқа қалада болғандықтан, онлайн төлем жасау үшін менің банктік реквизиттерімді сұрады. Ойыма ешқандай жаман ой келмей, барлық банктік карточка, реквизиттерді жіберіп, күтіп отырдым. БІрақта олар алаяқ болып шығып, менің счетімдағы барлық ақшаны шешіп алды.

Рас, Аружан секілді алданып, банк реквизиттерін айта салатын азаматтар көп. Абырой болғанда бұл кісі шотында бар қаржыдан ғана қағылған. Көбіне алаяқтар құрбандарының атынан үлкен көлемде несие алады. Соңғы екі жылда 6 мыңнан аса заңсыз кредит рәсімделген.

Жандос Талғатұлы, Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:

- Құзіретті мемлекеттік органдармен құұқы қорғау органдармен өткен жылдан бастап жоспардың іс-шараларын орындап жатырмыз. Ол жерде осы интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспарланған. Мысалы, ең бірінші басты мақсат азаматтарымыздың құқықтық қаржылық сауаттылығын арттыру.

Алаяқтан айла артылған ба? Қазіргі интернет ұрылар жасанды интеллекттің де тілін тапқан. Бағдарламалар арқылы адамның даусын айнытпай салып, керек хабарламасын қажетті адресіне жолдай береді. Сайып келгенде алаяқтардың арбауынан өз ақпараттық сауаттылығыңыз ғана құтқарады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев, Мұрат Әріпханов