Қызылордадағы кардон зауыты қаңырап тұр

Қызылорда қаласындағы ескі кардон зауытының ғимараты жиырма жылдан бері қаңырап тұр.

Қала әкімдігі облыс орталығының сәулеттік келбеті мен қоршаған ортаға нұқсан келтіретін нысанды сүру қажет деп тапқан. Алайда меншік иесі бұл талаппен келіспейді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Соғыс жылдарынан кейін Қызылордада салынған күрделі құрылыс нысандарының бірі мына целлюлоза картон зауыты. Бір кездері мұнда төрт мыңдай адам жұмыс істеген алып өндіріс болды деп айту қиын. Қазіргі кейпі осы,қаңырап, қаңқасы ғана қалған.

Зауыттың ең үлкен ғимаратының биіктігі 33 метр. Ені 1 метрге дейін жететін бетон тіреуіштері бар. Ал жер көлемі 23 мың шаршы метрден асады. Бұл аумақты 2004 жылы құрылыс салу мақсатында жеке кәсіпкер иемденген. Алайда содан бері нысаналы мақсатында пайдаланбаған. Бұл туралы жергілікті атқарушы орган меншік иесіне бірнеше рет ескерту жасапты. Алайда кәсіпкер Талғат Әбішов бұл талаппен келіспейді.

Талғат Әбішов, меншік иесі:

- Қазіргі таңда мына ғимаратты айтып жатыр. Қаңқа, скелет дейді. Жоқ, олай емес. Менің артқы жағымда тұрған ғимарат екі қабатты. Бірінші қабаты толық жабылған, бұл әлде де 50 жыл жұмыс істейді халыққа деген ойым бар. Бұл жерде адам өтіп жатқан жоқ астынан. Күзет бар. Өзім бірнеше камераларды қойып, жарық шамдарын жағып, қарап отырмын.

«Жиырма жылда қаңыраған ғимарат жаңармады. Аумағы толық қоршалмаған. Қаланың сәулеттік келбеті мен қоршаған ортаға зиянын тигізіп тұр. Қауіпсіздік шаралары қолға алынбаған. Сондықтан ескі зауыт қаңқасын сүру қажет. Ол үшін заң аясындағы шараларды қолданамыз», - дейді қала әкімі.

Серік Қожаниязов, қала әкімі:

- Бұл нысанды пайдалануға мүмкін емес. Сол себепті бұл тек демонтаж жасау керек. Әрі қарай егесі бірлесіп демонтаж жасайды ма, өзінің ойлары, жоспарларын көрсетсе, басқа нәрсе саламын десе, істей береді. Болмаса елдің қауіпсіздігін сақтау үшін өзіміз істейтін болсақ үстіндегі дүние мүлікті бұзамыз да жерді қайтарып аламыз.

Қала әкімдігі зауыттың тіреу конструкциясын меншік иесіне өз есебінен мәжбүрлеп бұздыру туралы облыстық сотқа апелляциялық шағым берген. «Алпыс жыл бұрын іргесі қаланған зауыт қаңқасының ендігі тағдыры сот шешімінен кейін белгілі болады»,-дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев