Астанада Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының жиыны өтті
Көктемде өтетін төл диалог алаңының үшінші отырысына дайындық қызу жүріп жатыр.
Бүгін Астанада Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының жиыны өтті. Қатысушылар өткен отырыстардағы бастамалардың жұмысын пысықтап, алдағы жиынның бағытын айқындап алды.
Ұлттық құрылтай алдындағы мұндай кездесулер дәстүрге айналған. Мақсат – бұған дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылау. Сондай-ақ туындаған өзекті мәселелердің шешімін табу. Бүгінгі жұмыс секцияларының отырысына Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары-Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Ол өткен құрылтайдың оң нәтиже көрсеткенін айтты. Оған елімізде жаңа облыстардың пайда болғаны мен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығының «ұлттық» мәртебеге ие болғаны дәлел, деді Ерлан Қарин.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары:
- Ұлттық құрылтай белсенді диалог алаңына айналып келе жатыр. Ұлытауда өткен алғашқы отырысында жалпы саны 40-тан астам бастама айтылса, өткен жылы Түркістанда өткен отырыс барысында 120 осындай әртүрлі ұсыныс келіп түскен болатын. Біз Ұлттық құрылтайды жұмыс алаңы , ашық пікірталас алаңы ретінде қалыптастыруға мүдделі болып отырмыз.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – балаларға арналған қазақ тіліндегі мультфильмдер. Жасыратыны жоқ, заманына сай баласы өсіп келеді. Сәйкесінше олар түрлі анимациялық контенттер тамашалауды құп көреді. Ал ашық платформалардағы мультфильмдер өзге тілде болып жатады. Бұл тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәселені шешуде креативті индустрияның рөлі басым екенін айтты.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Контент сапалы болу керек. Идеологиясы тұрғысынан жан-жақты болу керек. «Никелодион» мен «Тиджиді» қазақшаландырдық. Қазір оның қазақша мәтіні бар. Ол да болса тез шешімдердің бірі болды. Анимация жасайтын, жалпы студияларда белсенді азаматтар жеткілікті. Мен өзім креативті саладағы жұмыс істеп жүрген өкілдерімен барлығымен кездестім.
Ұлттық құрылтайда заң мен құқықтық тәртіп қағидаттарын бекіту мен оны дамытуға басымдық берілген. Дәлірек айтсақ қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, есірткі бизнесінің жолын кесу және вейптерді әкелуге, оларды өндіруге, сатуға тыйым салу туралы заң жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген біздің руханиятымызға қатысты, еліміздің болмысы мен болашағына қатысты көптеген дүниелер айтылып жатады. Сондықтан құрылтайдың жұмысы тиімді болу үшін, көтерілетін мәселелер ауқымды болу үшін бүгінгі жиынның мақсаты.
Жалпы төл диалог алаңында «Азаматтық қоғам, Мәдениет Өнер Руханият, Білім және ғылым, «Әлеуметтік-экономикалық даму» жұмыс секциялары жұмыс істеді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Құрылтайдың негізгі миссиясы ұлтты халықты ұйыстыру. Бірақ халық пен ұлтты ұйыстырудың негізгі факторы билік пен халықты барынша жақындату. Халықтың мемлекеттік іске, билікке, жұмыстарға белсенді түрде араласуы. Жасалып жатқан жұмыстарды ойдағыдай іске асыруға қатысуы.
Биылғы ұлттық құрылтай көктемде өтеді. Себебі Президенттің айтуынша экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың бағытын бірінші тоқсанда айқындау қажет.
Диалог алаңы бұл жолы Атырау облысында өтеді. Ауқымды кеңесте түрлі түйткілді мәселе талқыланып, көпшіліктің ұсыныс-пікірі негізінде ортақ шешім қабылданады.
Авторы: Альмира Оразбай