Президент: Делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ

Президент: Делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ

Мемлекет басшысы автокөлік құрастырудың анағұрлым күрделі деңгейіне біртіндеп көшу керек екенін айтты.

Елімізде өңдеу өнеркәсібінің басқа да болашағы зор салаларын  дамытқан жөн. Сондай-ақ, ішкі нарықтың сұранысын толық өтегеннен кейін бизнесті экспортқа шығуға бағыттау қажет. Мұндай қадам кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеті жоғары екенін көрсететін болады, – деді ол.

Нақты секторды ұзақ мерзімге арналған қаржымен қамтамасыз ету – өнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың негізгі шарты.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін тиімді пайдалану – осы мәселені шешудің бір амалы. Бұл ретте, әрине, міндетті түрде  зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, экономиканы әртараптандыруға және индустрияландыруға ықпал ететін жобаларды мұқият іріктеу қажет, – деді Президент.

Экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек.

Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс. Осы маңызды жұмысқа квазимемлекеттік құрылымдар сияқты делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай бұрын талай рет болған. Бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфрақұрылымы бар екінші деңгейдегі банктерді белсенді түрде тарту керек, – деді Тоқаев.

Банктерді экономиканың нақты секторына қаржы құюға ынталандыру керек.

Үкімет пен Ұлттық банк өзара тығыз ынтымақтасып, бұл жұмысты бірлесе жүргізуге тиіс. Жалпы, Ұлттық банк инфляция үдерісі мен экономиканың өсімін бақылап отыруды көздейтін тиімді жалпымемлекеттік саясатты ұстануы керек, – деді Мемлекет басшысы.