Ұлытаудан басталған Ұлттық құрылтай
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 15 наурыз күні Атырау қаласында өтеді.
Мемлекет басшысының мақсаты өркениетті елдерге тән жоғары саяси мәдениетті қалыптастыру. Бұл ұлттық құрылтайдың да басты міндеті.
Екі жыл бұрын ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытаудың басында алғашқы жиынын өткізген ұлттық құрылтай мазмұнды болып, үлкен шаруа атқарды. Отырыста халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылып, тың ойлар ортаға салынды. Сондай маңызды бастаманың бірін Президент көтерді. Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бүгінде бұл атаулы күнді мұқым ел болып тойлаймыз. Ал Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы киелі Түркістанда өтті. Жиын 2 күнге созылды. Бірінші күні білім, идеология, мәдениет салаларындағы өзекті мәселелерді талқыланды. Келесі күні құрылтай мүшелері ел президентіне өз ойлары мен ұсыныстарын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев елде ауқымды реформалар жүргізу үшін заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Нәтижесінде жұмыс тобы құрылып, көп ұзамай маңызды құжаттар қабылданды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Вейп мәселесіне қатысты да Мемлекет басшысы Түркістандағы құрылтайда пікір білдірген болатын. Өздеріңізге белгілі мәжілісте вейптың толыққанды айналымына тыйым салу сатылымына тыйым салу нормасы қабылданған болатын. Бұл да өскелен ұрпақтың жастарымыздың денсаулығына байланысты өзекті проблемаларды шешуде ұлттық құрылтай қазірге таңда жақсы бір платформа екенің дәлелдейді деп ойлаймын.
Бұған ешкім шүбә келтіре қоймас. Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдарын жинайтын ашық диалог алаңына айналып үлгерді. Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Әр саланың беткеұстарлары бас қосатын жиында күрмеулі мәселелер айтылып қана қоймай, шешімін табуда. Іске асуда.
Олжас Сүйлеймен, «Qazaqstan Team» республикалық жастар ұйымының жетекшісі:
- Қазіргі кезде білетін болсаңыздар синтетикамен күрес мәселесі ұлттық құрылтайда президентке жеткізілді. Содан кейін президентіміздің сайлау алды бағдарламасына жолдауына енгізілген болатын. Содан кейін сол жерден орын тауып кейін осы бүкіл синтетикамен нашақорлық бизнесімен күресетін кешенді жоспар әзірленді. Кешенді жоспар деген өте маңызды құжат.
Ел тарихына үңілсек, көшпелі халықтың мақсат мүддесін ойлаған құрылтай дала саясатын дамытуға көп септігін тигізген. Бағзы заманда парламент пен мәжілістің рөлін атқарды десек болады. Президент былтыр Түркістанда өткен кеңесте, «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған», деп жиынның мән-мағынасын түсіндірді. Осыдан кейін ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, елді дамыту жолындағы жүйелі жұмыстың нақты 8 бағытына тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту.мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесі және ақпарат саясатының тиімділігін арттыру сынды маңызы міндеттер жүктеді.
Авторы: Әлішер Әли