Жаңарған ұлттық киімдер
Қазақтың ұлттық киімдері туралы тарқата бастасаңыз тымақ, тұлып, тон, шекпен, шапан деп айтып тауыса алмайсыз.
Әйелдердің әсемдік үшін киетін киім-кешек түрі де көп. Алайда, ұлттық киімдеріміз көбіне мереке күндері ғана сандықтан шығатыны жасырын емес.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Шапан мен бөрік – қазақ халқының байырғыдан келе жатқан ұлтық киімі. Алайда, бұлай киінетіндер некен-саяқ. Дейтұрғанмен, ұлт жадынан ұмыт болып бара жатқан төл киімімізді жаңғыртып жүрген жандар да аз емес.
Шапанымызды жабынып жол бойында жүр едік, ұлттық киімімізге көп кісінің көзі үйренбегенін байқадық. Тіпті, тілдескендері таңданысын да жасырмады.
Блиц:
- Бағасы қымбат сыяқты, шапан өте жарасып тұр.
- Ораза айында, Наурыз мейрамында өзіміздің ұлттық киіміміз өте әдемі көрінеді. Бірақ, әрине көпшілік осындай ұлттық киімді кимейді.
- Өте керемет, - жарасып тұр ма? – Жарасып тұр, - Күнделікті өмірде бәріміз осылай киініп жүрсек қалай? – Өте керемет.
Қолданыстан қалыс қалған қазақ халқының киімдерін қайта жаңғыртып, насихаттап жүргендердің бірі Тарбия Айдынбаева. «Ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған төл мәдениетіміз тысқары қалмаса екен, біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтымызды дәріптеу» дейді.
Тарбия Айдынбаева, дизайнер:
- Біздің үлкен ата-бабаларымыздан қалған аманатқа қиянат жасамай оны осы жастарға жеткізу арқылы біздер ұлттық құндылықтарымызды сақтауға да кішкене үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын. Біздің шапандарымыздың ерекшелігі оюларымызда. Ешкімге ұқсамайтын, өзіндік стилі бар, өзіндік рөлі, мағынасы бар киімдеріміз.
Ия, ұлттық киімдердеріміздің негізгі айшығы ол – оюлар. Тереңнен тін тартқан мәдениетімізде бұл элементтердің орналасу реттілігі бар. Мәселен баскиімдерге салынатын ою түрлері, шапанның етегіне не жеңіне бейнеленбейді. Сонымен бірге, әр оюдың өзіндік мағынасы да бар. Кейіпкеріміз де осы заңдылықтарды зерттеп, сақтап отырмыз дейді.
Тарбия Айдынбаева, дизайнер:
- Мына оюдың өзінің мағынасы бар. Түркі халықтарында мына бұрышты біздер ағаш үй ретінде білсек, төрт құбылаң түгел болсын, алдындағы мал-жаның аман болсын, мыналар қойдың, ешкінің мүйізі деген сияқты өте мағыналы дүниелер.
Сондай-ақ, ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірге киіп жүруге ыңғайлы ету мақсатында жаңа пішінде тігіп, ою формаларын да жаңашалаған екен
Тарбия Айдынбаева, дизайнер:
- Мына худиларды қараңызшы мұны көп адамдар киіп жүр, басқа елдерде де киіп жүр. Бұлардың түстері де ерекше, мына жерде мынандай ою болса, мына жерде мынандай ою бар. Мынандай худи бар.
Асқар Юсупхан, Астана қаласының тұрғыны:
- Бүгін міне қазақи ұлттық нақыштағы өзіміздің ұлттық киімді алып, киіп тұрмын. Өте қуаныштымын. Бұл енді қазақи киім дегеніміз біздің қазақи болмысымызға тән киім. Бұны тек мереке-мейрамда ғана емес қызметте жұмыста күнделікті тұрмыста өмірде киіп жүруіміз керек.
Қазір дизайнердің туындылары шекара асып, өзге елдерде де сұранысқа ие. Тіпті, құрлықтың рағы бетіндегі американдықтар да қазақ ұлтының киімдерін алдыртып, қызығушылық танытып отыр.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ернар Жақсыбаев, Абдулхамит Булекбаев