Жалаулыда жаңадан үйлер салынады
Тасқын судан зардап шеккен Жалаулы ауылының тұрғындары үшін жаңа үйлер салынатын болды.
Жуырда 14 үйді су басып, төтенше жағдай енгізілгені туралы хабарлаған болатынбыз. Облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекенде қазір судан қауіп жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс компаниясының өкілдері ауыл ақсақалдарымен бірге жаңа үйлер түсетін жерді таңдап, фундаменттің орнын қазу рәсімін жасады.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Жалаулыда су басқан он төрт үйдің бесеуі жарамсыз деп танылды. Апатты үйде тұру қауіпті. Сондықтан жергілікті атқарушы билік жаңа үй салуға шешім қабылдаған. Қалған 9 үйді жөндеуге қаржы бөлінді. Бүлінген дүние-мүліктің құны есептеліп, тұрғындардың жеке шоттарына қаржы аударылды.
Қаршыға Байманов, Жалаулы ауылының тұрғыны:
- Үй құлайын деп жатыр. Төрт балам бар. Сол міне жаңа үй салып берейін деп жатыр енді бізге. Жағдай осы міне, үйдің жағдайы. Дүние қалды, мебель бәрі дымға жарамай қалды.
Мархабат Сматаев, Жалаулы ауылының тұрғыны:
- Үй салып береміз деп үйлердің схемасын бәрін көрсетіп жатыр. Өзім көңіліме ұнайды. Неге десеңіз Қазақстанның басқа жерлерінде бізден де жаман жағдай болып жатқандары бар.Өз басым ризамын. Барлықтарыңызға ризамын көп рахмет.
Ауыл адамдары осыған да шүкіршілік етіп отыр. Олар «табиғи апаттан келген қиындықтарды еліміз тезірек еңсерсін» деген ниетпен құрбан шалды. Жаңа үй салуға дөң жер таңдалған. Көктемгі еріген қар суынан қауіп төнбес үшін елді мекенге кірер жолдың екі қапталынан сыйымдылығы 200 мың текше метрлік үш қазаншұңқыр қазылып, бөгет жасалды.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Бес үй бұл стандарттық жобамен жасалады. Жоба жаңа көрсетілді.Сексен шаршы метр үйлер. Әр үй бөлек тұрады. Бес учаскесі белгіленген. Соған сәйкес мына жоспарларға сәйкес бұл үйлердің құрылысы шілде айының басында аяқталады. Ал мердігер салатын жергілікті азамат, жергілікті компания. Бір үйдің құны 22 миллион теңгеге түседі және демеушілердің қаражатына салынады. Оны өңірдің ірі кәсіпорындары бөлген. Жалпы облыс бойынша көмек 71 отбасына көрсетілді. Тағы 15 отбасының жағдайын комиссия анықтап жатыр. Су тасқынына қатысты жағдай өңірде қазір тұрақты деп айтуға болады.
Александр Терентьев, мердігер компанияның бас директоры:
- Біз барлық коммуникацияларды өзіміз іске қосамыз. Үйдің іргесін қалап, әктеп, сырлап дайын күйінде тапсыратын боламыз. Тұрғындар кіріп, жиһаздарын қойып тұра береді.
Бір үйдің құны 22 миллион теңгеге түседі және демеушілердің қаражатына салынады. Оны өңірдің ірі кәсіпорындары бөлген. Жалпы облыс бойынша судан зардап шеккен 71 шаңырақ иелеріне көмек көрсетілді. Тағы 15 отбасының жағдайын комиссия анықтап жатыр. Су тасқынына қатысты жағдай өңірде қазір тұрақты деп айтуға болады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев