Павлодар облысында қауіптің беті қайтты
Павлодар облысында үйлерді су басып, жолдарды шайып кету қаупі толық сейілді.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығыны өтелді. Демеушілік қаражат есебінен 120 отбасы 98 миллион теңгенің өтемақысын алды. Үйлері жарамсыз деп танылған 7 отбасының екеуі баспанамен қамтылды. Қалған бес үйдің құрылысы басталды.
Жалаулы ауылының тұрғыны Мархабат Сматаев құрылыс алаңына күн сайын келеді. Тұруға жарамсыз болған баспанасын күзетіп қалған ол әр істің қайыры барына сенеді. Себебі жаңа үй өзі туып-өскен қара шаңырағының орнына салынып жатыр.
Мархабат Сматаев, Жалаулы ауылының тұрғыны:
- Осы жерде әкем мен шешемнің землянка үйі болған. Біз осында туып өскеміз өзіміз. Осы жерден өзім аллаға жылап, қалағанмын осы жерден маған үй салып берсе екен деп. Сол енді менің дауысым жетіп жатқан шығар. Қуаныштымыз осы күнге. Рахмет барлықтарыңызға. Сол өзім қалаған жерімнен үй салып беріп жатыр.
Ауыл адамдарының айтуынша Жалаулыда дәл осындай жағдай шамамен 40 жыл бұрын болған. Светлана Муллина да апатты үйін айналшықтап шыға алмай жүр.
Қарғын су ауылға наурыздың 28-де кірді. 2 сәуірде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Суға кеткен 14 үйдің бесеуі тұруға жарамсыз деп танылды. Сараптама қортындысына сәйкес 9 үйді бастан-аяқ жөндеп шығу үшін демеушілер 48 миллион теңге бөлген. Ал 5 үй қайта салынады.
Айдархан Шарапиденов, құрылыс алаңының бастығы:
- Бірінші қазір монтаждаушылар фундамент құйып жатыр. Монтажниктерден кейін дүйсенбі күні осында каменщиктер келеді. Каменщиктер құрғаннан кейін төбені істейтін плотниктер кетеді, ішіне кіреміз. Негізінде осы бес үйді осындай поточныймен фундамент біреу салып жатыр, қабырғасын қалап жатқандар екіншілер, төбесін істегендер үшіншілер, ішіне тағы кісілер келеді бригадалар.
Мамандар «сапалы құрылыс материалдарын қолданамыз», дейді. Айналасы қоршалып, қосалқы шаруашылық нысандары да салынады. Үйдің жалпы аумағы 75 шаршы метр болады. Қазір қауіп сейіліп, ауыл адамдары күнделікті күйбең тірлікке кірісіп кеткен. Шалғайда жатқан елді мекенде 74 аула бар. Халқының саны мыңнан асады.
Ермек Машриков, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
- Шаруа қожалықтары бар, өздерінің жерлері бар. Сол мал шаруашылығымен айналысады көбінде. Мектеп бар, биыл біз су құбырын тартып жатырмыз, жаңа өздеріңіз көріп өткендей жол болмаған, былтырғы жылдары біз асфальт жол салдық. Бүгінгі күні жағдай жасалған. Осы бір төтенше жағдай болмаса.
Төтенше жағдайдан келген шығын толық өтелді. Ал жаңа үйлер жоспар бойынша шілде айында қолданысқа беріледі. Облыс аумағында 120 отбасы 98 миллион теңгенің өтемақысын алған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев