Нәзік жандылар өздерін қорғауды үйрену үшін спорт секцияларына бара бастады

Қазір нәзік жандыларды өздерін қорғауға үйрететін курстар бар, деп хабарлайды 24kz.

Жаттықтырушылардың айтуынша, мұндай секцияларға келетін қыз-келіншектердің саны көбейген. Курсқа көбіне зорлық-зомбылықты бастан кешкен әйелдер қызығушылық танытатын көрінеді. Олар, әсіресе, грэпплинг, джиу-джитсу секілді шығыс жекпе-жек түрлерімен айналысады.

Мерей Қанапия, тілші:

- 22 жастағы Шынар Елтайқызы 2 жылдан бері грэпплингке қатысады. Оның бұл спортқа келуіне қоғамдағы азаматшаларға жасалып жатқан түрлі зорлық-зомбылық әрекеттер себеп болған. «Қазірден өзіңді қолға алмай, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгермесең, кез келген жағдайдың құрбаны болуың мүмкін», - дейді Шынар.

Шынар Елтайқызы, қала тұрғыны:

- Басында өз-өзімді қорғау үшін арнайы спортқа келдім. Аз уақытта грэпплингтің айла-тәсілдерін толық меңгеріп, көшеде өзімді еркін ұстайтын болдым. Яғни, кез келген қарсылыққа дайынмын. Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, еркектер өзінен әлсіз әйелдерге күш көрсетіп, ойына келгенін жасайтын видеолар қаптап кетті. Бұл қауіпті үрдіс. Азаматшаларға айтарым: жекпе-жек түрлеріне ұялмай, ойланбай жазыла беріңіздер. Өз өмірлеріңіз өз қолдарыңызда.

Ал Тоқтар Зәрубеков 12 жылдан бері жаттықтырушы. Азаматшалар бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір секцияға көп жазылатынын айтады. Ол қорлық көріп, зорлыққа ұшыраған жандарды жекпе-жек өнері мен күреске тегін баулуға дайынмын деп отыр.

Тоқтар Зәрубеков, грэпплингтен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Әйелдер біздің спорт үйірмесіне келе алады. Қатыса алады, күресе алады. Чемпион болмаймын десе де, өз-өзін қорғауға, өзі үшін қатысуға болады. Жалпы біздің грэпплингте ерлер де, әйелдер де күреседі. Сондықтан әйелдерді, қыздарды спортқа келіп, осындай жекпе-жек түріне қатысқанын қолдаймын. Негізі менде кішкентай 10 шақты қыз бар, 15 шақты жасөспірімдер мен әйелдер арасында күресіп жүрген қыздар қатысады.

Азаматшалардың басым бөлігі грэпплингке жазылады. Онда қарсыластың ептілігі мен күш-қайраты, салмағы да маңызды емес. «Бастысы – өз-өзін қорғап, сенімді әрекет ету», - дейді жаттықтырушылар.

Авторлары: Мерей Қанапия, Қали Несіпбаев